ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ 2027-2029 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ БОЛЖАМЫ

  1. Жамбыл облысының 2025 жылғы

әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары

 

2025 жылы экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамика сақталды.

2025 жылдың қорытындысымен облыстың жалпы өңірлік өнімі                                 3 341,6 миллиард теңгені,  нақты көлем индексі 107,1% құрады.  Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім 2 741,2 мың теңгені құрады.

Жалпы өңірлік өнім құрылымында өнеркәсіпке 22,8%, құрылысқа - 9,8%, көтерме және бөлшек саудаға, автомобильдерді және мотоциклдерді жөндеуге - 9,8%, ауыл, орман және балық шаруашылығына - 9,1%, көлік және қоймалауға - 7,4%, ақпарат пен байланысқа - 0,6%, басқа салаларға - 40,5% тиесілі.

Облыстың еңбек өнімділігі 5 496,5 мың теңге/адамды немесе 114,4% құрады. Өсім өнеркәсіптегі 34,1%-ға (оның ішінде өңдеу өнеркәсіптегі - 48,4%-ға), құрылыстағы - 19,7%-ға, көлік және қоймалаудағы - 14,6%-ға, ауыл, орман және балық шаруашылығындағы - 3,4%-ға, көтерме және бөлшек саудадағы, автомобильдерді және мотоциклдерді жөндеудегі - 1,4%-ға еңбек өнімділігінің артуы есебінен қамтамасыз етілді.

Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 19,2%-ға артып, 1 394,7 миллиард теңгені құрады.

Өсім тау-кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді қазудағы көлемнің - 34,2%-ға (289,9 миллиард теңге), өңдеу өнеркәсібінде - 18,4%-ға                             (851,8 миллиард теңге), сондай-ақ электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтау саласындағы жұмыстар мен қызметтер көлемінің 7,0%-ға (243,3 миллиард теңге) артуы есебінен қамтамасыз етілді. Бұл ретте қалдықтарды жинау, өңдеу және жою жөніндегі қызметтердің азаюына байланысты сумен жабдықтау; су бұру; қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою бойынша қызмет көлемі 0,1%-ға              (9,7 миллиард теңгеге дейін)  төмендеді.

Өнеркәсіп құрылымындағы өңдеу секторының үлесі 60%-дан жоғары. Оң динамика тамақ өнімдері (4,8%-ға), машина жасау (7,7%-ға), химия (20,5%-ға) және жеңіл өнеркәсіп (27,5%-ға), мұнай өнімдері (29,5%-ға), сондай-ақ басқа да металл емес минералдық өнімдер (61,1%-ға) өндірісі көлемінің артуымен қамтамасыз етілді. Өңдеу өнеркәсібінің экспорты 338,3 миллион АҚШ долларын немесе 2024 жылғы деңгейіне 109,4% құрады.

2025 жылы Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында жалпы сомасы 2,2 миллиард теңгеге 2 жоба іске қосылып, 101 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.

Жамбыл облысы «жасыл экономиканы» дамытудың басымды бағыты бойынша өңірлер арасында көшбасшылардың бірі болып табылады.                        Жалпы белгіленген қуаты 571,3 МВт құрайтын 22 жаңартылатын энергия көздері нысаны жұмыс істейді, оның ішінде 6 су (24,4 МВт), 10 жел (275,65 МВт) және 6 күн (271,25 МВт) электр станциясы.                              .

Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 531,7 миллиард теңгені немесе 102,2% құрады, оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімінің көлемі – 308,0 миллиард теңге (102,4%), мал шаруашылығы - 221,2 миллиард теңге (102,0%).

Өсімдік шаруашылығында ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алқабы 640,3 мың гектарды құрап, өткен жылғы көрсеткіштен 2,1%-ға артты. Агроөнеркәсіптік кешенді әртараптандыру шеңберінде соя бұршағының егіс алқабы 26 есеге, бұршақ тұқымдас көкөністер - 4,9 есеге, бақша дақылдары - 2,4 есеге, дәндік жүгері - 1,4 есеге, майлы дақылдар (сафлорды қоса алғанда), ашық топырақтағы көкөністері, картоп және мал азығы дақылдары (мал азығына арналған жүгеріні қоса алғанда) 1,2 есеге артты.

Дәнді және бұршақты дақылдардың өңделгеннен кейінгі салмақтағы жалпы жиналымы гектарынан орташа есеппен 11,1 центнер өнімділікпен 370,0 мың тоннаны, майлы дақылдар - 26,8 мың тоннаны (7,1 центнер/гектар), бақша дақылдары - 369,4 мың тоннаны (301,8 центнер/гектар), картоп - 225,7 мың тоннаны (273,1 центнер/гектар), қант қызылшасы - 296,0 ​​мың тоннаны          (451,9 центнер/гектар) құрады.

Су үнемдеу технологиялары 66,5 мың гектар алаңда қолданылды                           (тамшылатып суару – 44,6 мың гектар, жаңбырлатып суару - 19,3 мың гектар, лазерлік тегістеу – 2,6 мың гектар). Озық технологияларды енгізу есебінен қарқынды бақтардың ауданы 1,4 мың гектарды құрап, онда 20,9 мың тонна өнім жиналды.

Мал шаруашылығы саласында 2024 жылға қарай ет өндіру көлемі (тірідей салмақта) 2,6%-ға, сүт өндіру – 1,8%-ға; ірі қара мал саны – 2,8%-ға, қой – 4,4%-ға, жылқы – 13,3%-ға, құс – 18,7%-ға артты.

28,0 миллиард теңгеге 15 инвестициялық жоба іске асырылып, 101 жұмыс орны құрылды.

2023-2025 жылдары «Ауыл аманаты» жобасы аясында қайтарым қаражаты есебінен 30,7 миллиард теңгеге 5,7 мың жоба (жылыжайлар, қайта өңдеу, наубайхана, қызмет көрсету саласы) қаржыландырылды.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 399,1 миллиард теңгені құрап,                       2024 жылмен салыстырғанда 16,2%-ға артты. Пайдалануға 787,1 мың ш. м тұрғын үй берілді, бұл 2024 жылғы деңгейінен 3,7%-ға жоғары.

Бөлшек және көтерме сауда айналымының 4,5%-ға өсуіне қарамастан, автокөлік жөндеу сегментіндегі бәсеңдік салдарынан сауда айналымы                   2024 жылғы деңгейге 99,4% құрады.

Көлік және қоймалау қызметтері 11,7%-ға артты, оның негізгі үлесі теміржол көлігімен жүк тасымалдауға (82,1%) және құбыржол көлігімен тасымалдауға (10,8%), ал жолаушылар тасымалында негізгі үлес автомобиль көлігіне (99,0%) тиесілі.

Есепті кезеңде өңірдің көлік саласында автобус паркі 91 бірлікке жаңартылды.

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 789,4 миллиард теңгені құрап, 2024 жылдың деңгейіне 43,0%-ға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестиция жалпы көлеміндегі бюджет қаражатының үлесі 17,2%                     (135,7 миллиард теңге), жеке инвестициялар үлесі 82,8% (653,7 миллиард теңге) құрайды.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша сыртқы сауда айналымында 2,0 есеге                 (1098,8 миллион АҚШ доллары) өсім тіркелді, оның ішінде импорт 2,8 есеге (890,5 миллион АҚШ доллары) артып, ал экспорт 13,1%-ға (208,3 миллион АҚШ долларына) қысқарды.

Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара сауда 1,4 есеге, оның ішінде экспорт - 1,6 есеге, импорт - 1,2 есеге артты.

Облыста 289,8 миллиард теңгеге 32,5 мың кәсіпкерлік субъектілері қаржыландырылды, оның ішінде 53,4 миллиард теңгеге 2,2 мың жоба мемлекеттік қолдау тапты.

Нәтижесінде 2025 жылғы қаңтар-желтоқсан айларында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 4,5%-ға (108,6 мың бірлік), ондағы жұмыспен қамтылғандар саны 1,1%-ға (169,0 мың адам), бизнес субъектілерімен өндірген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 1,3 есеге                     (2 096,9 миллиард теңге) артты. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 29,1% құрады.

Облыстың байланыс қызметтері интернет желісінің серпінді дамуы есебінен (19,8%-ға) 12,0%-ға артты.

Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары және 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде халықты орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету мақсатында 13,9 миллиард теңгеге 48 жоба (ұзындығы 690 шақырым) іске асырылды. 24 елді мекен, сондай-ақ Тараз және Шу қалаларындағы 9 шағын алқабы сапалы ауыз сумен қамтылды. Облыстағы 357 елді мекеннің барлығы 100% сумен қамтамасыз етілген.

Газбен жабдықтау саласында есепті кезеңде 19,1 миллиард теңгені құрайтын 14 жобаның (177 шақырым) 9-ы аяқталды, қалған 5-і 2026 жылға өтпелі. Нәтижесінде 284 елді мекен (79,5%) немесе халықтың 91,8%-ы «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілді.

Жылумен жабдықтау саласында 3,6 миллиард теңгеге 10 жоба бойынша                   15,2 шақырым жылу желілерін қайта жаңғырту, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өңірдің 4 қаласы (Тараз, Қаратау, Жаңатас, Шу) орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне қосылды.

Электрмен жабдықтау саласында Тараз қаласы мен аудандардың 10 елді мекенінде 2,5 миллиард теңгеге 162 шақырым электр желілерін қайта жаңғырту бойынша 11 жоба іске асырылды.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде су құбыры желілерінің тозу деңгейі 2024 жылғы 26,6%-дан 2025 жылы 24,7%-ға, газ құбырлары - 24%-дан 23,6%-ға, жылу желілері - 54%-дан 53%-ға, электр желілері - 79,0%-дан 75,9%-ға дейін төмендеді.

Облыстағы жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары мен елді мекендер көшелерінің желісі 10,1 мың шақырымды құрайды (республикалық маңызы бар – 1,2 мың шақырым, облыстық – 1,7 мың шақырым, аудандық – 1,5 мың шақырым; елді мекендер көшелері – 5,7 мың шақырым). Оның ішінде 2025 жылы 28,0 миллиард теңгеге 471,4 шақырымы жөнделді (құрылыс –               17,7 шақырым, қайта құру – 8,0 шақырым, орташа жөндеу – 445,7 шақырым). Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі 99,5%-ға дейін жеткізілді.

2025 жылғы алдын ала мәлімет бойыншы облыс халқының жан басына шаққандағы орташа ақшалай табысы  164,3 мың теңгені құрап, номиналды түрде 9,1%-ға өсті, ал нақты мәнде 0,8%-ға төмендеді. Орташа айлық жалақы 327,4 мың теңгені құрап, номиналды түрде 9,1%-ға өсті, ал нақты мәнде 0,8%-ға төмендеді.

2025 жылы жұмыссыздық деңгейі 4,8% құрады.

Жылдық мәндегі тұтыну бағаларының индексі 111,8% деңгейінде қалыптасты. Азық-түлік тауарларының бағасы 113,2%, азық-түлік емес тауарлар – 110,2%, ақылы көрсетілетін қызметтер – 110,8% құрады.

 

Жамбыл облысының 2025 жылғы

салық-бюджет саясатының негізгі бағыттарының іске асырылуы

 

Өңірде бюджет қағидаларын қатаң сақтауға, кіріс базасын нығайту мен оның есептілігін қамтамасыз етуге, бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдаланудың тиімділігін арттыруға негізделген салықтық-бюджет саясаты іске асырылуда.

2025 жылға арналған облыстық бюджеттің кірістері 774,1 миллиард теңгені құрады, оның ішінде 215,2 миллиард теңгесі - меншікті кірістер (жалпы кірістің 27,8%-ы).

Бюджетке 303,1 миллиард теңге салық түсімдері түсті (оның ішінде               87,9 миллиард теңгесі - республикалық бюджетке, 215,2 миллиард теңгесі – жергілікті бюджетке), бұл 2024 жылмен салыстырғанда 19,1%-ға артық                (254,4 миллиард теңге).

2024-2025 жылдары іс жүзінде Жамбыл облысының аумағында қызметін жүзеге асыратын, бірақ Қазақстанның басқа өңірлерінде тіркелген компанияларды қайта тіркеу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілді. Олардың қатарында «Шокпар-Гагаринское» ЖШС, «Zhanashyr Project» ЖШС, «НДФЗ» ЖШС, «Қазфосфат» ЖШС және «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС бар.

«Жамбыл облысы бойынша жергілікті бюджет кірістерін ұлғайту және қосымша резервтерді қамтамасыз ету бойынша уәкілетті органдармен өзара іс-қимыл жоспары» жол картасы бекітілді, ол түсімдердің жаңа көздерін анықтауға мүмкіндік беріп, жергілікті бюджетке қаражаттың қосымша ағынын қамтамасыз етті.

Жаңа Бюджет кодексі (ҚР 2025 жылғы 15 наурыздағы № 171-VII Кодексі) және Салық кодексі (ҚР 2025 жылғы 18 шілдедегі № 214-VIII ҚРЗ Кодексі) негізінде Жамбыл облысының бюджеттік бағдарламаларына бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыруға және салық салу шарттарының тұрақтылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған өзгерістер енгізілді.

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ 2027-2029 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ БОЛЖАМЫ
Дата публикации
14 октября 2026