GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Байланыс ақпарат
Баспасөз орталығы
Қызметі
Әкім аппараты
Құжаттар
Онлайн қабылдау
Байланыс ақпараты
Қызметі
Қызметі
Баспасөз орталығы
Все материалы
22 октября 2026
Тараз қаласы мен Ленинград облысы арасында ынтымақтастық байланыс кеңейді

Күні кеше Астана қаласында аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен Қазақстан Республикасының Жамбыл облысы мен Ресей Федерациясының Ленинград облысы арасындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған құжаттарға қол қойылып, өзара уағдаластықтарға қол жеткізілген болатын. 

Осы келісімдерді жүзеге асыру және өңіраралық байланыстарды одан әрі дамыту аясында бүгін Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһарға арнайы келген Ленинград облысының делегациясымен кездесті.

Жиын аясында Тараз қаласы мен Ленинград облысының Сосновоборск қалалық округі арасындағы достық қарым-қатынастар орнату туралы меморандумды іске асыру жөніндегі 2027 жылға арналған Жол картасына қол қойылды.

Басқосу барысында шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков осы кездесудің ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту жолындағы маңызына тоқталды.

– Тараз – Қазақстанның ең көне қалаларының бірі. Ол бай тарихымен, бірегей мәдени мұрасымен және зор экономикалық әлеуетімен ерекшеленеді. Қазақстан мен Ресей Федерациясын көпжылдық тату көршілік қарым-қатынастар, берік тарихи және мәдени байланыстар, сондай-ақ экономикалық және гуманитарлық салалардағы сындарлы ынтымақтастық біріктіреді. Бұл байланыстарды нығайтуда өңіраралық және қалалар арасындағы ынтымақтастықтың маңызы ерекше. Осы арқылы бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға, тәжірибе алмасуға және тікелей іскерлік байланыстар орнатуға нақты мүмкіндіктер қалыптасады. Біз өңірлеріміз арасындағы әріптестік қатынастарды дамытудың келешегі зор екеніне сенімдіміз. Бүгінгі кездесу – достық қарым-қатынастарды нығайтуға, өзара сенімді арттыруға және практикалық ынтымақтастықты дамытуға деген ортақ мүддеміздің айқын көрінісі, – деді Бақытжан Орынбеков.

Өз кезегінде Ленинград облысы губернаторының орынбасары Александр Кялин бүгінгі іс-шара Тараз қаласы мен Ленинград облысы арасындағы жемісті ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенім білдірді. 

Тараптар ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде білім беру саласындағы байланыстарды нығайту, мәдени және туристік алмасуларды дамыту, жастар бастамаларын қолдау, спорт саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту және тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелеріне назар аударды.

Осы бағыттағы жұмыстар аясында Жамбыл политехникалық жоғары колледжі мен Ленинград облысындағы Сосновоборск политехникалық колледжі арасындағы 2026–2030 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру жөніндегі Жол картасына да қол қойылды. Құжат аясында бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және Жамбыл облысындағы атом өнеркәсібі кәсіпорындарына қажетті мамандар даярлау көзделіп отыр.

Кездесу соңында мәртебелі меймандар Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Шерхантану» ғылыми-зерттеу институтының жұмысымен танысты.

22 октября 2026
Жамбыл облысында үздік құтқарушылар марапатталды

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Құтқарушы күніне арналған салтанатты шараға қатысып, азаматтық қорғау саласының үздік қызметкерлеріне құрмет көрсетті.

Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Бұдан соң қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан құтқарушылардың рухына тағзым етіліп, олардың есімі бір минут үнсіздікпен еске алынды.

Аймақ басшысы құттықтау сөзінде құтқарушылардың қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі айрықша рөліне тоқталып, ел Президентінің сала қызметкерлеріне берген жоғары бағасын атап өтті.

– Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев құтқарушыларға мемлекеттік наградалар табыстап, сіздердің еңбектеріңізге жоғары баға берді. Президентіміз құтқарушыларды «бейбіт күннің батырлары» деп атап, олардың төтенше жағдай кезінде көмекке бірінші болып ұмтылатынын айтты. Бұл – қиын сәтте халықтың жанынан табылып, адам өмірін сақтап қалу жолында аянбай еңбек етіп жүрген барша құтқарушыға көрсетілген зор құрмет, – деді Ербол Қарашөкеев.

Облыс әкімі өңірде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою мүмкіндіктерін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Атап айтқанда, 2026 жылы өрт сөндіру-құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, заманауи техникамен жабдықтауға және шалғай елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 530 миллион теңге қарастырылған.

Мойынқұм ауданының Мыңарал ауылында, Балқаш көлінің жағасында заманауи құтқару станциясы ашылды. Қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген станция «Voyager» маркалы катермен жарақтандырылды.

Сонымен қатар өрт сөндіру-құтқару бөлімшелерінің техникалық әлеуетін арттыру мақсатында «Toyota Hilux» маркалы төрт жедел-құтқару автокөлігі, екі өрт сөндіру автокөлігі және еуропалық стандарттарға сай 27 жиынтық заманауи жауынгерлік киім сатып алынды.

Шалғай ауылдардың тұрғындары мен аумағын өрттен қорғау үшін «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру пункттерін салу жұмыстары да қолға алынған. Облыс бойынша барлығы 27 пункт салу жоспарланса, оның 24-і жаңадан бой көтеріп, үшеуі жаңғыртылады. Қазіргі уақытта құрылысқа арналған жер учаскелері анықталып, 10 пунктте құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

– Сіздердің еңбектеріңіз зор құрметке лайық. Қиын сәтте халықтың жанынан табылып, адам өмірін сақтау жолында аянбай қызмет ету – ерлік пен азаматтық жауапкершіліктің айқын үлгісі. Қызметтік міндеттерін адал атқарып жүрген барша құтқарушыға, азаматтық қорғау саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне шынайы алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі.

Салтанатты шара барысында кәсіби мерекеге орай қызметтік міндеттерін адал атқарып, өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосқан азаматтық қорғау саласының қызметкерлеріне облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.

Сондай-ақ Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Арман Тоқанов құттықтау сөз сөйлеп, сала қызметкерлеріне арнаулы атақтар берді. Бұдан бөлек, бірқатар маман «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін», «Құтқарушы» белгілерімен және «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

21 октября 2026
Кадастрлық цифрлық сервистер жаңа координаттар жүйесіне көшеді

Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры жаңа мемлекеттік координаттар жүйесі QazTRF-23-ке  көшеді. Сол себепті демалыс және мереке күндері, 2026 жылғы 23 қазан сағат 19:00-ден 27 қазан сағат 00:00-ге дейін ЖМБМК мен Жария кадастрлық картасында техникалық жұмыстар жүргізіледі.

Технологиялар дамыған сайын координаттарды анықтау тәсілдері де жаңаруды қажет етеді. Бұрын координаттар спутниктік технологиялар пайда болмай тұрып жасалған әдістермен анықталса, бүгінде заманауи технологиялар бұл жұмысты дәлірек орындауға мүмкіндік береді. Жаңа координаттар жүйесіне көшу – әлемдік тәжірибе және Қазақстан да осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Осыған байланысты мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі кеңістіктік деректер, цифрлық карталар мен сервистер жаңа координаттар жүйесіне көшіріледі.

QazTRF-23 – ескірген геодезиялық жүйелердің орнына іске қосылған заманауи әрі ашық мемлекеттік координаттар жүйесі. Оның көмегімен Қазақстан аумағындағы жер учаскесінің, ғимараттың, жолдың немесе басқа да обьектінің орналасқан жері анықталады.

Аталған күндер аралығында жер кадастрына, жылжымайтын мүлікті техникалық тексеруге және жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеуге қатысты мемлекеттік қызметтерге өтініш қабылданбайтынын ескерген жөн. Бұл ретте, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласындағы электрондық анықтамаларды цифрлық сервистер арқылы алу мүмкіндігі сақталады.

Алдағы өзгерістерге байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы азаматтар мен ұйымдарға қажетті мемлекеттік қызметтерді алуды алдын ала жоспарлауды ұсынады. Техникалық жұмыстар аяқталғаннан кейін цифрлық сервистер әдеттегі тәртіпте жұмысын жалғастырады.

20 октября 2026
БАЙЗАҚТЫҚТАР ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ ЮСУФ АШРАПОВТЫ ҚҰРМЕТПЕН ҚАРСЫ АЛДЫ

Байзақ ауданында грек-рим күресінен әлем чемпионы атанған Юсуф Ашраповты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Ж.Үшкемпіров атындағы спорт мектебінде ұйымдастырылған шараға аудан басшылығы, спорт ардагерлері, жаттықтырушылар, спортшылар мен аудан тұрғындары қатысып, ел мерейін асқақтатқан чемпионға құрмет көрсетті.

Салтанатты жиында аудан әкімі Олжас Баққараев әлемдік додада топ жарып, Қазақстанның көк туын биікте желбіреткен Юсуф Ашраповты жеңісімен құттықтап, спортшыға арнайы сертификат табыстады. Сонымен қатар оның бапкері Абзал Түлеевке де аудан әкімінің атынан сертификат берілді.

Шара барысында спорт ардагері Әділхан Омаров пен чемпионның бапкері сөз сөйлеп, жас спортшының жетістігін жоғары бағалап, алдағы жарыстарына сәттілік тіледі. Қазақы дәстүрге сай әлем чемпионының ата-анасына да құрмет көрсетіліп, шапан жабылды.

Өз кезегінде Юсуф Ашрапов жеңісіне қуанып, арнайы қарсы алып, құрмет көрсеткен барша жерлестеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ спорттағы жетістігіне қолдау білдірген ата-анасына, бапкеріне және жанкүйерлеріне ризашылығын жеткізіп, алдағы уақытта да ел сенімін ақтап, Қазақстанның абыройын асқақтатуға күш салатынын атап өтті.

Мерекелік шараның тағы бір ерекше сәтінде ауыл кәсіпкерлері атынан чемпионға ат мінгізіліп, оның жеңісіне деген зор құрмет пен қолдау көрсетілді.

Юсуф Ашраповтың әлемдік аренадағы жетістігі – бүкіл Байзақ жұртының ортақ мақтанышы. Бұл жеңіс өскелең ұрпаққа жігер беріп, жас спортшыларды биік мақсаттарға ұмтылуға шабыттандырады. Жерлестері чемпионға алдағы жарыстарда толағай табыс тілеп, ел намысын абыроймен қорғауына сенім білдірді.

16 октября 2026
Аққия ауылында жасыл белдеу қалыптасуда

Бүгін Аққия ауылында елдің бірлігі мен туған жерге деген сүйіспеншілікті айшықтайтын ерекше шара өтті. Аққия мектебінің ауласына көшеттер отырғызылып, болашақ жасыл желекке негіз қаланды!

Ел игілігіне арналған бұл игі бастамаға аудан әкімінен бастап, бөлім басшылары, мектеп ұжымы және ауылдың белсенді тұрғындары бір кісідей қатысты. Үлкендердің ақылы, жастардың жігері тоғысқан бұл күн ауылымыз үшін нағыз еңбек пен ауызбіршіліктің мерекесіне айналды.

Бүгін егілген әрбір түп ағаш — ертеңгі ұрпаққа қалдырған бағалы мұрамыз әрі таза табиғат кепілі.

Ауылымызды көркейтуге үлес қосқан, қолына күрек алып, жасыл мекеннің гүлденуіне атсалысқан барша азаматтарға шексіз алғыс білдіреміз!

16 октября 2026
ТАРАЗҒА ҚАТЫНАЙТЫН ЖАҢА АВТОБУС БАҒЫТЫ АШЫЛДЫ

Бүгін Бурыл ауылы тұрғындарының көптен бергі ұсынысы ескеріліп, Тараз – Бурыл – Тараз бағыты бойынша №4 қоғамдық көлік маршруты іске қосылды. Жаңа бағыт Бурыл және Құмжота ауылдарының тұрғындарына қалаға қатынауды жеңілдетіп, әсіресе оқушылар мен студенттер үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Жаңа маршруттың ашылу салтанатына Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев және ауыл тұрғындары қатысты.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Олжас Баққараев қоғамдық көлік қатынасын жақсарту – тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды мәселе екенін атап өтті.

– Тұрғындарымыздың көптен бері көтеріп жүрген ұсыныстарының бірі – Тараз қаласы мен Бурыл ауылы арасындағы қоғамдық көлік қатынасын жақсарту мәселесі өз шешімін тауып отыр. Жаңа №4 бағыттың іске қосылуы, әсіресе оқушылар мен студенттердің қалаға қатынауын жеңілдетіп, уақыттарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, – деді аудан әкімі.

Қазіргі таңда Бурыл ауылдық округінен Тараз қаласындағы мектептерде 107 оқушы, колледждерде 61 білім алушы және жоғары оқу орындарында 50-ге жуық студент оқиды. Жаңа маршрут олардың қалаға қатынауын жеңілдетіп, тұрғындардың уақытын үнемдеуге ықпал етеді. №4 бағыт бойынша 10 автобус тұрақты қатынайтын болады.

Жаңа қоғамдық көлік бағыты – ауыл тұрғындарының сұранысына берілген нақты жауап. Алдағы уақытта да халықтың талап-тілегін ескеріліп, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.

13 октября 2026
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – ортақ міндет

Ғ. Мұратбаев атындағы мектепте оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын түсіндіру және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 9–11-сынып оқушылары арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға барлығы 360 оқушы қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – жасөспірімдерге заң талаптарын түсіндіру, құқықтық мәдениетін қалыптастыру, әрбір іс-әрекет үшін жауапкершілік бар екенін ұғындыру және салауатты өмір салтын насихаттау.

Түсіндіру жұмыстары барысында құқық бұзушылық пен қылмыстық жауапкершіліктің түрлері, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, мектептегі тәртіп ережелерін сақтау, жасөспірімдердің құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ бос уақытты тиімді ұйымдастыру мәселелері кеңінен қамтылды.

Іс-шара барысында оқушыларға құқық бұзушылықтың салдары түсіндіріліп, заң талаптарын сақтау, өзара сыйластық таныту және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну қажеттігі атап өтілді.

Жас ұрпақтың құқықтық сауатты, саналы әрі заңды құрметтейтін азамат болып қалыптасуы – баршамызға ортақ міндет. Осы бағыттағы профилактикалық және түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.

07 октября 2026
Ұстаз – ұлттың ұлы құндылығы!

Ауданда Ұстаздар күніне орай «Ұстаз – ұлттың ұлы құндылығы» атты салтанатты іс-шара өтті.

Ұстаз – жас ұрпаққа сапалы білім беріп қана қоймай, оның бойына адамгершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырып, өмірлік бағыт-бағдар беретін маңызды тұлға. Мемлекет басшысының білім саласына айрықша мән беруі – ұстаз мәртебесін көтеру мен педагог еңбегін бағалаудың маңыздылығын айқындай түседі.

Салтанатты жиында ауданның білім беру саласын дамытуға елеулі үлес қосып жүрген білікті педагогтер мен ардагер ұстаздарға құрмет көрсетілді. Еңбегімен ерекшеленген бірқатар ұстаздар арнайы марапаттарға ие болып, кәсіби қызметтегі жетістіктері атап өтілді.

Ұстаз еңбегінің нәтижесі – шәкіртінің жетістігімен өлшенеді. Бүгінде аудан мектептерінде білім алып, түрлі салада ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген азаматтардың жетістіктерінде өз ісіне адал педагогтердің еңбегі мен тағылымы жатыр.

Ұстаздық – үлкен жауапкершілікті, ізденісті және өз ісіне деген шынайы сүйіспеншілікті талап ететін мәртебелі мамандық. Сондықтан жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, білім беру саласының дамуына үлес қосып жүрген барлық ұстаздардың еңбегі әрдайым жоғары бағалауға лайық.

Іс-шара барысында ұстаздарға зор құрмет көрсетіліп, олардың кәсіби қызметіне табыс, шығармашылық ізденіс және шәкірттерінің биік жетістіктері тілінді.

Құрметті ұстаздар! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз! Еңбектеріңіз жемісті болып, шәкірттеріңіздің жетістігі мен ел алғысы сіздерге әрдайым қуаныш сыйласын!

05 октября 2026
Мемлекеттік қызметшілер арасында пікірсайыс турнирі өтті

Ауданымызда мемлекеттік қызметшілердің сыни ойлау қабілетін, өз ойын дәлелді жеткізу және көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін және  командалық жұмысын дамытуға бағытталған «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» атты аудандық пікірсайыс  турнирі өтті.

Танымдық әрі тәжірибелік маңызы жоғары шараға ауданның мемлекеттік органдарында қызмет атқаратын мемлекеттік қызметшілер қатысып, өзара пікір алмасты.

Іс-шараның ашылуында ауданы әкімі аппаратының басшысы Асылжан Құрманов қатысушыларға сәттілік тілеп, мұндай пікірсайыстардың мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттырудағы маңызын атап өтті.

Турнир барысында қатысушылар өз білімдері мен шешендік шеберліктерін ортаға салып, берілген тақырыптар бойынша жақтаушы және қарсы тарап ретінде пікір таластырды. Әр команда екі қатысушыдан жасақталып, бірінші және екінші спикерлер өз позицияларын дәйекті аргументтермен қорғады.

Жарыс қорытындысы бойынша І орынды - “PRIME ERA” командасы, 
ІІ орынды - “Адал Ел” командасы, 
ІІІ орынды - “ Ұшқыр ой” және “Батыл ой-үлкен өзгеріс” командасы иеленді. 

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы грамоталар, Алғыс хаттар және естелік сыйлықтар табысталды.

 

01 октября 2026
Интернет – ойыншық емес: Бірлікке сызат түсірген үшін қандай жаза бар?

Қазіргі таңда әлеуметтік желілер өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда кейде TikTok, Instagram немесе түрлі чаттарда этносаралық тақырыпты қозғап, арандатушылық тудыратын, ұлт арасына жік түсіретін жазбалар мен пікірлерді көзіміз шалып қалады. «Интернеттегі сөз жай сөз болып қалады, ештеңе етпес» деп ойлау — үлкен қателік.
Біздің әрқайсымыздың айтқан сөзіміз бен жазған комментарийіміз үшін заң алдындағы жауапкершілігіміз бар.
 Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 174-бабы не дейді? Әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыруға бағытталған әрекеттер (желідегі жазбалар, видеолар, арандатушылық пікірлер) үшін қатаң жаза қарастырылған:
Үлкен көлемдегі ақшалай айыппұлдар;
Қоғамдық жұмыстарға тарту;
Немесе 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы!
 Ата Заңымыз не дейді? ҚР Конституциясының 16-бабына сәйкес, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қорғалады, ал еліміздегі этносаралық татулық пен бірлік — мемлекетіміздің басты іргетасы. Ксенофобия мен сепаратизмге біздің қоғамда орын жоқ!

 Не істеу керек?

1.    Сақ болыңыз: Бейтаныс біреудің арандатушылық видеосына немесе фейк ақпаратына сеніп, репост жасамаңыз.
2.    Ойланыңыз: Комментарий жазар алдында оның заңды салдарын естен шығармаңыз. Бір ғана сөз өміріңізге сызат түсіруі мүмкін.
3.    Бірлікті сақтаңыз: Түрлі этнос өкілдерімен тату-тәтті өмір сүру — біздің ортақ күшіміз бен басты байлығымыз.
Бұл постты достарыңызға жіберіп, сақ болуға шақырыңыз! Заңды сыйлайық, тұрақтылығымызды қорғайық! 
#ЗаңМенТәртіп #ЭтносаралықТатулық #ҚазақстанБірлігі #АтаЗаң #Бейбітшілік

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы