ТУЯ АҒАШТАРЫ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ
Қазақтың ұлы даласында сан ғасырлар бойы тойланып, келе жатқан ұлық мереке - Наурыз. Күн мен түннің теңелетін күнді қазақ жыл басы деп құрметтеп, береке-бірліктің тойы ретінде дәріптеген.
Жаңару мен жасампаздықтың бастауы болған Ұлыстың ұлы күні қарсаңында аудан орталығы Сарыкемер ауылындағы “Отбасы аллеясы” ауласында туя көшеттері егілді.
Оған аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев, аудан әкімінің орынбасары Дулат Жақыпбеков, аудан әкімі аппаратының басшысы Еркін Заурбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков, аудандық Қоғамдық, келісім кеңестерінің төрағалары Жұманғали Құмғанбаев, Қыдырәлі Оралов, ардагерлер, мемлекеттік қызметкерлер, зиялы қауым өкілдері, тұрғындар қатысты.
Аудан әкімі Бақыт Қазанбасов табиғатпен үндескен Наурызда ағаш отырғызуды ежелден халқымыз игі дәстүрге айналдырғандығын атап өтті. Отырғызылған ағаш көшеттерін баптап-күтудің маңыздылығын айтып, әрбір аудан тұрғыны тазалықты өз ауласынан бастап, аудан аумағын жасыл желекпен көмкеруге үлес қосуы тиіс екендігін жеткізді.
САЛТ-ДӘСТҮРЛЕР ҰЛЫҚТАЛДЫ
Ғасырлар қойнауынан бастау алған, табиғатты иітіп, жер-жаһанды түлеткен, жақсылықтың жаршысы болған Наурыз мерекесінде халқымызға құт қонып, ұлттық рухымыз көтеріледі. Салт – дәстүріміз жаңғырып, ел ішінде береке орнайды. Сайын даламыз түрленіп, ерекше күйге бөленетін, пейілдің түзелетін, көңілдің кеңейетін кезеңі.
Мемлекет басшысының ұйытқы болуымен жаңаша сипатта өткен Наурыз мерекесі ауданымызда дүркіреп өтті.
Өткен аптаның бейсенбісінде, ауа райының қолайсыздығына қарамастан №8 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жанындағы орталық стадионға ағылған жұртта есеп болмады. Ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлер, алтыбақанда тербелген жастар, күміс көмей әншілердің әуелете шырқаған әндері мен күмбірлеген күйлер, мәз-мейрам болып асыр салған бүлдіршіндер мерекенің салтанатын асыра түсті. Аудан кәсіпкерлері өз өнімдерінен сауда-саттық ұйымдастырса, мекеме, ұйымдар ұсынған тіл үйірер наурыз көжеден дәм татып, мәре-сәре болған қалың жұртшылық бірін-бірі «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!» деген игі тілектерін айтып, құттықтап жатты.
Алдымен аудан әкімі Бақыт Қазанбасов бастаған зиялы қауым, қонақтар мен ардагерлерді “Ақ әже” ансамблінің мүшелері “Сусамыр-елдің жайлауы” атты халық әнімен қарсы алды. Аудан жастары ұсынған бауырсақ, құрт пен қымыздан дәм татты. Бұдан соң аудан басшысы “Балдырған”, “Теремок”, “Астана”, “Мұрагер”, “Өтеміс”, “Еңлік” балабақша ұжымдары “Бата беру”, “Құда түсу, сырға салу”, “ Бастаңғы”, “Шеге шапан”, ”Қамшы ілу”, “Ерулік”, “Құйрық асату” сынды салт-дәстүрлер мен қолөнер шеберлерінің көрмесін, ауданымыздағы түрлі этнос өкілдерінің ән-биін тамашалады. Сондай-ақ, этноауыл ішіндегі қолөнер шеберлері мен тарихи-өлкетану музейі және кітап көрмесін көріп шықты.
АРМЫСЫҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!
Театрландырылған қойылыммен басталған мерекелік шарада кимешек киген әжелер әулетіп ән салса, жас бишілер наурыздың сән-салтанатын әдемі бимен сабақтастыра білді.
Сахна төріне көтерілген аудан әкімі Бақыт Қазанбасов жиналғандарды Наурыз мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
- Ежелден келе жатқан әз Наурыз мерекеміз биылғы жылы ерекше аталып өтілуде. Мемлекет басшысының бастамасымен жоспарланған «Наурызнама» қайта жаңғырып, ұлы даламызда ұлттық дәстүріміз салтанат құруда.
Наурыз-бірлік пен татулықтың мерекесі. Бұл күні барша жұрт өкпе-ренішті ұмытып, бір дастархан басында табысады. Бір-біріне ырыс-несібе тілеп, ақ пейілдерін арнайды. Ұлыстың ұлы күнінде айтылған барлық тілек қабыл болады дейді. Жақсылықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы болған Наурыз мерекесі баршаңызға жаңа жетістіктер мен молшылық әкелсін,-деді аудан басшысы.
Мерейлі мерекеде жиналған қауым наурыз көжеден дәм татып, қазақша күрес, кір көтеру, арқан тарту, қол күресі жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Жеңімпаздар арнайы ұйымдастырушылар тарапынан марапатталып, сыйлықтарға ие болды.
-Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биылғы Наурыз мерекесі 14 наурыз бен 23 наурыз аралығындағы әрбір күнге атау беріліп, мерекенің мән-мазмұнын барынша терең сезіндік. Сарыкемер ауылындағы орталық стадионда өтіп жатқан мерекелік думанға Тараз қаласынан арнайы бала-шағамызбен келдік.Ұмытыла бастаған салт-дәстүрлеріміз бен рәсімдеріміз ұлықталды. Шуақты көктемнің келуі, табиғаттың оянуы, жылуы мол жаңа күнді қарсы алу сәтін балғын бишілер әдемі көрсете білді. Әсіресе есігін айқара ашқан әр киіз үйден халыққа ұлттық тағамдар мен наурыз көже ұсынылып жатты. Адам мен табиғат арасындағы үндестікке жол ашқан Ұлыстың ұлы күні айшықты мереке ретінде есте қалатын болады,-деді еңбек ардагері Манат Керімқызы.
|
Елдің бірлігі мен берекесін паш еткен мейрамда балалар мен жастар алтыбақанда тербелсе, Кенен Әзірбаев атындағы саз мектебі мен Балалар мен жасөспірімдер орталығының өнерпаздары әннен шашу шашып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Балалар шығармашылығы және тәрбие орталығының ұжымы ыстық бауырсақ, тіл үйірер құрт өнімдерін көпшілікке ұсынып жатты. Мереке барысында аудан әкімі бастаған зиялы қауым, қонақтар мен ардагерлер Наурыз тойының сәнін келтірген киіз үйлерге кіріп, кең жайылған дастарханнан дәм татып, баталарын берді. Ақшаңқан киіз үйлер жанында халқымыздың салт-дәстүрлері көрсетілді. Ұлттық нақыштағы шапандарын киген ақсақалдар, ақ жаулықты апалар халқымыздың құндылықтарды қастерлеу қажеттігін айтып, Наурыз көктемнің, еңбектің, жақсылықтың мерекесі екендігіне екпін салды. Наурыз мейрамына арналған мерекелік шара қазақ эстрадасының белгілі өкілдері Наркенже Серікбаева, Кеңес Әлімжан, «Меломан» тобы және аудан өнерпаздарының қатысуымен ұйымдастырылған концертке ұласты. Әз Наурыз мейрамы барлық ауылдық округтерде салтанат құрды.
Өз тілшіміз.
|
| |