2026 жылғы 12 наурызда Жамбыл жоғары медициналық колледжінің мәжіліс залында 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумға дайындық жұмыстарын талқылау, комиссиялардың ұйымдастырушылық және құқықтық дайындығын пысықтау жөнінде Жамбыл облыстық аумақтық референдум комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті.
Кеңейтілген отырысқа облыстық референдум комиссиясының толық құрамы, сондай-ақ Тараз қаласы мен аудандық аумақтық референдум комиссияларының төрағалары, орынбасарлары және хатшылары қатысты.
Отырысты облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов ашып, қатысушыларды күн тәртібімен таныстырды. Ол референдумды өткізу барысындағы барлық ұйымдастырушылық мәселелердің маңыздылығына тоқталып, комиссия мүшелерінің жауапкершілігі жоғары екенін айтты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Жамалов баяндама жасады. Ол 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдум қатысушыларын оқыту жоспарына сәйкес, ағымдағы жылдың 24 ақпаны мен
5 наурызы аралығында облыстың барлық аудандары мен Тараз қаласында өткен аумақтық және учаскелік референдум комиссиялары мүшелеріне арналған оқыту іс-шараларының қорытындылары туралы ақпарат берді.
Баяндамашының айтуынша, аталған кезеңде комиссия мүшелерінің құқықтық және ұйымдастырушылық дайындығын арттыру мақсатында бірқатар семинарлар мен түсіндіру кездесулері өткізілген. Оқу барысында референдум өткізу тәртібі, дауыс беру процесін ұйымдастыру, құжаттарды рәсімдеу, сондай-ақ заңнама талаптарын сақтау мәселелері кеңінен қарастырылған.