Ағымдағы жылдың 12 наурызы күні 2026 жылғы
15 наурызға тағайындалған республикалық референдумға дайындық шеңберінде саяси партиялар, коммерциялық емес ұйымдар және сайлау процесінің басқа да қатысушыларына арналған оқыту-семинары өткізілді. Іс-шара Тараз қаласындағы Жамбыл жоғары медициналық колледжінің мәжіліс залында өтті.
Оқыту-семинары Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының «2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумның қатысушыларын оқытуды ұйымдастыру туралы» 2026 жылғы
12 ақпандағы №6/15 қаулысын орындау аясында өткізілді.
Семинардың негізгі мақсаты – референдум өткізу кезінде заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ референдум процесіне қатысатын ұйымдар мен азаматтардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру болды.
Іс-шараға Жамбыл облыстық аумақтық референдум комиссиясының толық құрамы, облыстық прокуратураның өкілі, Жамбыл облысы полиция департаментінің қызметкері, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі, облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы, облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, облыстық, қалалық және аудандық аумақтық референдум комиссияларының төрағалары, орынбасарлары мен хатшылары,сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Семинар жұмысын облыстық референдум комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов ашып, қатысушыларға республикалық референдумның маңызы мен оның демократиялық қоғамдағы рөлі туралы кеңінен тоқталды.