Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 811-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы салынған айыппұлды 7 тәулік ішінде төлеген жағдайда құқық бұзушыға 50 пайыз жеңілдікпен төлеу құқығы берілетіндігі көрсетілген. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 811-бабының (қысқартылған түрде іс жүргізу) талабына сәйкес 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Жеті тәулік өткен соң жеңілдікті қолданбаған, яғни, төлемеген жағдайда сегізінші күні салынған айыппұлға толық төлеу туралы қаулы шығарылады. Әкімшілік құқық бұзушылыққа байланысты салынған айыппұлды өз еркімен төлеу мерзімі өткен жағдайда 30 күннен соң мәжбүрлеп өндірілуге жатады. Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 894-бабының 1-бөлігіне сәйкес, айыппұл сомасы жауаптылыққа тартылған адамның жалақысынан немесе өзге де кірістерінен мәжбүрлеу тәртiбiмен ұсталып қалынады. Ол үшін жұмыс iстейтiн ұйымның әкiмшiлiгiне айыппұл салу қаулысы жiберiледі. Ал, егер де 894-бабы 3-бөлігінің талабына сәйкес, құқық бұзушының жұмыс орны анықталмаған жағдайда салынған айыппұл қаулысы мәжбүрлеп өндіру үшін сот актілерін орындау департаментіне жолданады.