Ағымдағы жылғы 13 ақпанда 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумды ұйымдастырып өткізу жұмыстары аясында Жамбыл облыстық аумақтық референдум комиссиясының отырысы өтті.
Комиссия отырысының күн тәртібінде республикалық референдумды әзірлеу мен өткізуді ұйымдастыру жұмыстары туралы, саяси науқанға арналған облыстық аумақтық референдум комиссиясының іс-шаралар жоспары, комиссия мүшелерінің науқан кезеңіндегі функционалдық міндеттері мен жұмыс кестелері қаралды.
Отырысты ашқан облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың №1170 Жарлығымен ағымдағы жылғы 15 наурызға Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы бойынша республикалық референдум өткізу тағайындалғанын айтты. Референдумға «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал қойылғанын хабарлады.
Сонымен қатар, республикалық референдум тағайындалған сәттен бастап, тиісті сайлау комиссиялары референдум комиссияларының функцияларын орындайтынын және референдумды дайындау және өткізуді қамтамасыз ететінін баяндай отырып, референдум комиссияларына жүктелетін маңызды міндеттерге тоқталды.
Күнтізбелік жоспар бойынша жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) учаскелердің шекаралары туралы, ал аумақтық референдум комиссиялары комиссиялардың құрамдары және олардың орналасқан жерлері туралы ақпаратты референдум тағайындалған сәттен бастап 10 күннен кешіктірмей, яғни 21 ақпаннан кешіктірмей БАҚ-та жариялайды.