«БЖЗҚ» АҚ 2025 жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижелерін ұсынды

Қазақстандықтардың зейнетақы жүйесі саласындағы қаржылық сауаттылығы артып келеді: азаматтар зейнетақы жүйесінің қалай жұмыс істейтінін және ол арқылы қандай мүмкіндіктерге қол жеткізуге болатынын барған сайын жақсы түсінуде. Мұны 2025 жылы жүргізілген тәуелсіз социологиялық зерттеу нәтижелері растады.

Сауалнаманың негізгі мақсаты – Қазақстан халқының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық сауаттылық деңгейін, зейнетақы жүйесіне деген сенім дәрежесін және азаматтардың жинақтаушы модельге тартылу деңгейін айқындау.

Қазақстан халқының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық сауаттылық деңгейі респонденттердің жынысын, жас ерекшеліктерін, аумақтық және әлеуметтік мәртебелерін ескере отырып бағаланды.

Зерттеу жалпыұлттық репрезентативті сауалнама әдісімен жүргізілді. Іріктемеге Қазақстанның барлық өңірлерінен, оның ішінде 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаладан (Астана, Алматы, Шымкент) 3 000 респондент қатысты. Сауалнама ауылдық және қалалық жерлерде тұратын 18 жастан асқан ересек тұрғындар арасында жүргізілді. Барлығы 1 473 ер адам және 1 527 әйел азаматша сұралды. Әлеуметтік мәртебе бойынша бөлініс мынадай: жалдамалы қызметкерлер – 2 031 адам (67,70%), өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 831 адам (27,70%), жұмыссыздар – 138 адам (4,60%).

Зерттеу сауалнамасының негізгі бөлімі Қазақстан халқының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық сауаттылығын анықтауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесіне және «БЖЗҚ» АҚ-ға (БЖЗҚ, Қор) деген сенім деңгейін, Қор қызметі туралы ақпараттың қолжетімділігі, хабардарлық дәрежесі мен қабылдануын бағалауға бағытталған 26 сұрақтан тұрды.

Зерттеу нәтижелері азаматтарды қаржылық сауаттылықтың базалық және озық деңгейлері бойынша жіктеуге мүмкіндік берді.

 

Базалық деңгей

 

Қаржылық сауаттылықтың базалық деңгейіне арналған сұрақтар зейнетақымен қамсыздандыру бойынша жауапкершілік, Қазақстандық зейнетақы жүйесінің құрылымы, зейнетақы төлемдерінің түрлері, мөлшері мен көздері, Қордың функциялары, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы ресми зейнеткерлік жас туралы білімді анықтауға бағытталды. Аталмыш деңгей бойынша респонденттердің нәтижесі 74,2%-ды (өткен жылы – 73,8%) құрады.

Сауалнаманың еліміздегі зейнетақы төлемдерінің түрлеріне қатысты сұрақтарына 1 748 респондент (58,3%) Қазақстанда зейнетақы төлемдерінің екі көзі бар екенін білетіндерін көрсетті: мемлекеттік бюджеттен төленетін (базалық және ынтымақты зейнетақы) және міндетті әрі ерікті жарналар есебінен қалыптасқан жинақтардан БЖЗҚ-дан төленетін төлемдер. Бұл көрсеткіш зейнетақы жүйесінің негізгі элементтері туралы жеткілікті деңгейдегі хабардарлықты және оның аралас моделін түсінуді білдіреді.

 

«БЖЗҚ немен айналысады?» деген сұраққа 1 491 респондент (49,7%) дұрыс жауап беріп, Қор міндетті және ерікті зейнетақы жарналарын жинаумен, зейнетақы жинақтарын есепке алумен және жинақтар есебінен зейнетақы төлемдерін жүзеге асырумен айналысатынын көрсетті.

 

«БЖЗҚ-ға аударылатын зейнетақы жарналарының қандай түрлерін білесіз?» деген сұраққа берілген жауаптар халықтың зейнетақы жарналарының негізгі түрлерін жақсы білетінін көрсетті. Ең танымал түрі – міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), оны респонденттердің 90,1%-ы біледі. 2 413 респондент (80,4%) МЗЖ мөлшері табыстың 10%-ын құрайтынын дұрыс атап өтті.

 

Міндетті зейнетақы жарналарының қосымша түрлері (ЖМЗЖ) туралы хабардар респонденттер үлесі – 25,6%, ал зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін жұмыс беруші төлейтін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) туралы – 21,2%. Сонымен қатар, респонденттердің айтарлықтай бөлігі (43,2%) ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) мүмкіндігін білетінін көрсетті, бұл ұзақ мерзімді қаржылық жоспарлауға және зейнетақы капиталын өз бетінше қалыптастыруға деген қызығушылықтың артқанын білдіреді.

 

«Қазақстандағы зейнеткерлік жас қандай?» деген сұраққа 2 523 респондент (84,1%) елімізде зейнеткерлікке шығудың сараланған жасы белгіленгенін дұрыс көрсетті: ер адамдар үшін – 63 жас, ал әйелдер үшін 2025 жылы – 61 жас. Бұл қолданыстағы зейнетақы саясатын және әйелдердің зейнеткерлік жасына қатысты соңғы жылдардағы өзгерістерді жақсы түсінетінін аңғартады.

Дата публикации
19 января 2026