«БЖЗҚ» АҚ 2024 жылға арналған жылдық актуарлық есебін жариялады

Қазақстан демографиялық қартаю дәуіріне аяқ басып келеді және ғасырдың орта тұсына қарай ол демографиялық қартаю деңгейі өте жоғары елдер санатына енеді: республика халқы санының 2050 жылдың соңына қарай 26,5 млн адамға дейін өсуі мүмкін екенін ескерсек, елдің әрбір алтыншы тұрғыны 60 жастан асады – егде жастағы адамдардың үлесі халықтың жалпы санының 18,8% құрайды.

Бұл ретте БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алушылардың саны 2025 жылдан 2050 жылға дейінгі кезеңде 4 есеге артады - 520 мыңнан 2 млн-ға дейін. Бұл деректер "БЖЗҚ" АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) жариялаған "2024 жылғы актуарлық есепте" (бұдан әрі – есеп) келтірілген. Онда Қазақстанның зейнетақы жүйесін одан әрі дамытуға байланысты кешенді актуарлық есептеулер мен болжамдардың нәтижелері көрсетілген.

 

Демографиялық өзгерістердің зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіне салатын  салмағы айтарлықтай. Сондықтан мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі – халықаралық стандарттарға сай келетін және лайықты зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ететін зейнетақы жүйесін қалыптастыру. Жүйенің тиімділігі есепте талданып, болжанатын бірқатар көрсеткіштер бойынша бағаланады. Ұсынылған жылдық актуарлық есеп мемлекеттік органдар, сарапшылар және жалпы жұртшылық үшін маңызды деректер көзі саналады.

Дата публикации
16 октября 2025