Қазақстанда мемлекеттік бюджеттен берілетін зейнетақы төлемдеріне салық салынбайды, ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін төлемдерге салық салынады. Қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері төлем көзінен 10% мөлшерлеме бойынша жеке табыс салығы (ЖТС) салынатын кіріске жатады. Яғни, зейнетақы жарналары жеке зейнетақы шоттарына салық салынғанға дейін аударылады. Ал ЖТС төлемдер жасалған кезде ұсталады. ЖТС міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемдерінің барлық түрлерінен жиынтық түрде ұсталады. Бұл ретте түзету және салық шегерімдерінің сомалары ескеріледі.
Алайда, бұл норма тек 2025 жылдың соңына дейін күшінде болады. Естеріңізге сала кетейік, жаңа Салық кодексі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді және оған сәйкес БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдерінен ЖТС ұсталмайды.
ҚР жаңа Салық кодексіне сәйкес, алушы Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмайтын жағдайларды қоспағанда, 01.01.2026ж. бастап жеке табыс салығы (ЖТС) зейнетақы төлемдерінің барлық түрлерінен, сондай-ақ тұрғын үйге және/немесе емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдерінен (БЗТ) ұсталмайды. Сонымен қатар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап тұрғын үйге/емделуге БЗТ алып, одан ЖТС төлеу міндеттемесін кесте бойынша зейнетақы төлемдерін алғанға дейін кейінге қалдырғандар, ол міндеттемеден босатылады.