"БЖЗҚ" АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) enpf.kz сайтындағы "Көрсеткіштер - Инвестициялық қызмет" бөлімінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі - ҚРҰБ) және инвестициялық портфельді басқарушылардың (бұдан әрі - ИПБ) зейнетақы активтерін басқаруы туралы есебін ұсынады.
2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша зейнетақы активтерінің жалпы көлемі - 19 250,04 млрд теңге. 2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі - МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (бұдан әрі - МКЗЖ), ерікті зейнетақы жарналары (бұдан әрі - ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған, ҚРҰБ сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері[1] 19 123,58 млрд теңге[2] болды. ҚРҰБ сенімгерлік басқаруындағы жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – ЖМЗЖ) есебінен қалыптастырылған ҚРҰБ зейнетақы активтерінің көлемі – 76,96 млрд теңге.
ИПБ басқаруындағы зейнетақы активтері 49,5 млрд теңгеден асты.
ҚРҰБ басқаруындағы зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі
2024 жылғы 1 маусымға МЗЖ, МКЗЖ, ЕЗЖ есебінен қалыптастырылған ҚРҰБ зейнетақы активтерін инвестициялаудың негізгі бағыттары мынадай: ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары – 45,64%, квазимемлекеттік компаниялардың облигациялары – 10,09%, Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінің облигациялары – 4,21%, шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздары – 3,87%, ҚР эмитенттерінің акциялары мен депозитарлық қолхаттары – 2,09%.
[1] міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған
[2] зейнетақы жарналары мен төлемдері шоттарындағы ақша есебінсіз