2024 жылғы 01 мамырдағы жағдай бойынша зейнетақы активтерінің шамамен 96,5% мөлшері міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) уақытылы аудару есебінен қалыптасты.
БЖЗҚ-да МЗЖ есепке алынатын жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) ашу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен МЗЖ немесе өсімпұлды аудару кезінде БЖЗҚ-ға МЗЖ төлеу жөніндегі агенттер ұсынатын жеке тұлғалардың тізімдері негізінде жүзеге асырылады. Осылайша, қызметкерге ЖЗШ ашу үшін БЖЗҚ-ға өз бетінше жүгінудің қажеті жоқ.
Әлеуметтік Кодексте БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есепке жазу) және аударуды, олар бойынша өндіріп алу тәртібі мен мерзімдерін уәкілетті мемлекеттік орган әзірлеп, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетіндігі[1] көзделген.
Агенттің МЗЖ аударуы
Әлеуметтік кодекстің нормаларына сәйкес, МЗЖ төлеу жөніндегі агент (агент) - Қазақстан Республикасындағы қызметін шетелдік заңды тұлғалардың тұрақты мекемесі, филиалдары, өкілдіктері арқылы жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлғаны қоса алғанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен МЗЖ есептейтін, ұстап қалатын (есепке жазатын) және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударатын жеке немесе заңды тұлға.