«БЖЗҚ» АҚ-ға "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасы аясында нысаналы жинақтарды пайдалануға өтініш беру жалғасын табуда.
Естеріңізге сала кетейік, бағдарламаға сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының (бұдан әрі - Ұлттық қор) инвестициялық кірісінің 50% Қазақстан Республикасының азаматы болып есептелетін барлық жастағы балаларға жыл сайын, олар кәмелетке толғанға дейін теңдей бөлінеді. Алғашқы нысаналы талаптар мен нысаналы жинақтар БЖЗҚ-дағы шоттарға 2024 жылғы ақпанда түсті. 18 жасқа толғаннан кейін жастар нысаналы жинақтарын тұрғын үй және/немесе білім беру ақысын төлеу үшін пайдалана алады. Ол үшін нысаналы жинақтарды пайдалану бойынша уәкілетті оператор ретінде тіркелген банктерге өтініш берулері керек. Тұрғын үйге арналған нысаналы жинақтарды пайдалану жөніндегі уәкілетті оператор ретінде "Отбасы банкі" Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі " АҚ белгіленсе, білім алуға арналған нысаналы жинақтарды екі уәкілетті оператор - "Отбасы банкі "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ мен "Қазақстан Халық банкі" АҚ арқылы пайдалануға болады.
01.06.2024 жылға БЖЗҚ жалпы сомасы 952 911,64 АҚШ долларына 9 503 өтінішті орындады (өтініш берушілердің банктік шоттарына аудару үшін уәкілетті операторларға аударылды). Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 458 220,04 АҚШ долларына 4 572 өтініш, білім алу ақысын төлеу үшін 494 691,60 АҚШ долларына 4 931 өтініш орындалды.
Тұрғын үй жағдайын жақсарту
Қаражатты тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалануды қалағандардың ішінде есепті кезеңде Шымкент қаласының (77 104,16 АҚШ долларына 768 өтініш орындалды), Қызылорда облысының (59 304,72 АҚШ долларына 590 өтініш орындалды) және Шығыс Қазақстан облысының (34 074,72 АҚШ долларына 339 өтініш орындалды) тұрғындары асқан белсенділік танытты.