«БЖЗҚ туралы өзекті сауалдар»

  1. Зейнетақы жинағымның сомасын қалай тексерсем болады?

 

           Жинақ сомасын БЖЗҚ сайтындағы немесе ұялы қосымшасындағы Жеке кабинетіңізден тексеруге болады. Егер Сіз БЖЗҚ-дағы Жеке кабинетке ешқашан кірмеген болсаңыз, онда БЖЗҚ сайты арқылы ЭЦҚ кілтінің көмегімен авторланып, Жеке кабинетіңіз үшін өзіңізге сәйкес келетін құпиясөз орнатуға кеңес береміз. Ол арқылы болашақта ұялы қосымшаға оңай және жедел кіріп, жарналардың жүйелілігі мен толықтығын, инвестициялық кірістің есептелуін және жинағыңыздың жалпы сомасын қадағалап отыруға болады. Өз шотыңыздан үзінді көшірмені egov.kz электрондық үкімет порталындағы Жеке кабинетте, сондай-ақ БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесінде тексеруге болады.

 

  1. Зейнетақы жинақтары сомасының өзгеру себебі неде?

 

Қорға түскен зейнетақы жарналары жеке зейнетақы шоттарында сақталып қана қоймай, сонымен қатар инвестицияланып, салымшыларға табыс әкеледі. Зейнетақы жинақтарын экономиканың түрлі салаларындағы, әртүрлі валюталардағы сан-алуан қаржы құралдарына инвестициялауды Ұлттық Банк және инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) жүзеге асырады. Алайда, қаржы нарықтарындағы жағдай экономикалық, саяси және басқа факторлардың әсерінен өзгеруі мүмкін. Олар бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалау, сыртқы басқарудағы активтер түріндегі кірістерге және т. б. әсер етеді. Сондықтан жекелеген кезеңдерде инвестициялық кіріс оң да, теріс те болуы әбден мүмкін, ал бұл зейнетақы жинақтарының жалпы сомасына әсер етеді. Бұл ретте, кейбір құралдар бойынша кіріс басқа құралдар бойынша уақытша шығындарды жабатын инвестициялық портфельді әртараптандыру зейнетақы жинақтарының ұзақ мерзімді келешекте сақталуын және орнықты табыстылығын қамтамасыз етеді. Естеріңізге сала кетейік, зейнетақы жинақтары - бұл ұзақ мерзімді инвестициялар және инвестициялық кірістің мөлшерін кем дегенде бір жыл ішінде талдау қажет.

Бірақ қаржы нарықтарының тұрақсыздығы ұзақ мерзімді болып, төлем құқығын алған кезде нақты кірістілік инфляциядан төмен болса да, мемлекет алушыларға инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген қаражат мөлшерінде ҚР Ұлттық Банкінің басқаруымен міндетті зейнетақы жарналарының (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының (МКЗЖ) сақталуына кепілдік береді. Басқарушы компаниялар жарналардың сақталуына меншікті капиталы есебінен жауап береді және нарықта әрекет ететін ИПБ-ның басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа өлшенген кірістілігі негізінде есептелетін табыстылықтың ең төменгі деңгейін қамтамасыз етуге кепілдік береді.

 

  1. ҚР азаматтары басқа елге тұрақты тұруға көшкен жағдайда, олардың зейнетақы жинақтары қайтарыла ма?

            БЖЗҚ-да міндетті, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МЗЖ, МКЗЖ) және ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен зейнетақы жинақтары бар және Қазақстан аумағынан тысқары жерлерге тұрақты тұруға кеткен, Қазақстан заңнамасына сай қажетті құжаттарды өткізген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын пайдалана алады.

Дата публикации
11 июля 2024