«БЖЗҚ» АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) сапа менеджменті жүйесінің ISO 9001:2015 халықаралық сапа менеджменті стандартының талаптарына сәйкестігіне орай сыртқы қайта сертификаттау аудитінен сәтті өткенін хабарлайды. Сәйкессіздіктер табылған жоқ.
ISO 9001 - бұл бүкіл әлем мойындайтын сапа менеджменті стандарты. Оның көмегімен барлық саладағы ұйымдар өз жұмысын жақсартып, тұтынушыларының көңілінен шығып, сапаға деген адалдықтарын көрсете алады. Оның талаптары сапа менеджменті жүйесін (СМЖ) құру, енгізу, қолдау және үнемі жақсарту тәртібін анықтайды. Осы халықаралық стандарттың талаптарына сай болу үшін ұйымдарға өз қызметін сауатты жоспарлап, жүзеге асыру керек. Әрине, ол үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланумен қатар, тәуекелдерді де ескерген жөн. Тәуекелдерге уақытылы жауап беру сапа менеджменті жүйесінің тиімділігін арттыруға, жоғары нәтижелерге қол жеткізуге және жағымсыз салдардың алдын алуға негіз бола алады. Жоғары басшылыққа ұйымның қызметін жақсарту мақсатында пайдалануға болатын сапа менеджментінің негізгі қағидаттарының бірі - тұтынушыға бағдарлану, басшының көшбасшылығы, менеджментке жүйелі көзқарас, көрсетілетін қызметтердің сапасын тұтынушылардың мүддесіне қарай үнемі жақсартып отыру. Бұл қағидаттар ISO 9001 құрамына кіретін сапа менеджменті жүйесінің стандарттарының негізін құрайды.
Өткен аудит барысында Қор жұмысының ашық жағдайдағы ахуалы, үйлесімді және кәсіби ұжымы, жоғары басшылықтың салымшылардың мүдделеріне баса назар аудара отырып, ұйым қызметін басқару мен менеджмент жүйесі мәселелеріндегі сауатты саясаты, кез келген сәтте туындайтын мәселелерді шешудің заманауи тәжірибесін нәтижелі қолдануы, сондай-ақ, қызметтерді цифрландырудың өсуі сияқты үздік қырлары атап өтілді. Бұдан басқа, қорытынды есепте аудиторлар Қордың ISO 9001 негізіндегі СМЖ енгізуге деген ұмтылысына, оның ішінде Қордың инфрақұрылымын тұрақты түрде қолдап, жақсартып отыруына, ішкі процестерді шешу үшін IT-технологияларды кеңінен пайдалануына, сондай-ақ, мамандардың жоғары біліктілігі мен құзыреттілігіне де оң баға беріп, ерекше атап өтті. Тәуелсіз аудиторлар қазіргі заманғы бағалау әдіснамасын пайдалана отырып, Қорға түрлі байланыс арналары арқылы келіп түсетін өтініштерді талдау тетігін де мақтауға тұрарлық әдіс деп таныды.