"Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасы бойынша алғашқы нысаналы талаптар мен нысаналы жинақтар түсті

"Ұлттық қор-балаларға" бағдарламасы бойынша БЖЗҚ-ға алғашқы нысаналы талаптар (18 жасқа дейінгі балаларға) есептелініп, нысаналы жинақтау шоттарына алғашқы нысаналы жинақтар (2024 жылы 18 жасқа толатын балаларға) түсті.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бағдарламаға 2023 жылдың соңындағы жағдай бойынша кәмелетке толмаған, Қазақстан азаматы болып есептелетін барлық балалар қатысушы ретінде тіркелді.

Бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны - 6 919 131 бала (қоса алғанда, 01.01.2006ж. бастап 31.12.2023ж. дейін туылған балалар). Оның ішінде 304 815 қатысушы 2024 жылы 18 жасқа толады (қоса алғанда, 01.01.2006ж. бастап 31.12.2006ж. дейін туылған балалар).

Олардың барлығына өткен жыл үшін Қазақстанның Ұлттық қорынан 100 АҚШ доллары және 52 центі мөлшерінде бірдей сома есептелді.

Бұл тек алғашқы есептеулер екенін түсіну маңызды!!! Жыл сайын бұл сома Ұлттық қор активтерінің өсуі және инвестициялық кіріс алу есебінен ұлғайып отырады. Бұдан бөлек, есептелген қаражат Ұлттық қордың валюталық активтерінің құрамында инвестициялануын жалғастырады және Бағдарламаға қатысушы балаларға олар 18 жасқа толғанға дейін қосымша инвестициялық кіріс әкеледі.

         18 жасқа 2024 жылы толатын балаларға аталған сома олардың БЖЗҚ-да автоматты түрде ашылған нысаналы жинақтау шоттарына  түсті. Бағдарламаның бұл қатысушылары өздерінің нысаналы жинақтарын тұрғын үйге немесе білім алуға кәмелетке толғаннан кейін бірден пайдалануға құқылы болады.

Нысаналы талаптар – бұл Қазақстан Республикасы Үкіметінің еліміздің 18 жасқа дейінгі азаматтары болып табылатын балалары алдындағы Ұлттық қорда жыл сайынғы инвестициялық кірістің 50% есебінен қалыптастырылатын міндеттемелері екенін естеріңізге саламыз. Ол соңғы 18 жылда (есепті жылдың алдындағы) орташаланған кірістілік мөлшерлемесі бойынша есептеледі. Нысаналы талаптар ретінде ескерілетін қаражат бала 18 жасқа толғанға дейін инвестициялануын жалғастырады және оларға жыл сайын қосымша инвестициялық кіріс есептелетін болады.

Дата публикации
08 апреля 2024