Ең төменгі жеткіліктілік шегінің мөлшері бұрынғы деңгейде қалды
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес, «БЖЗҚ» АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) жыл сайын келесі қаржы жылына арналған Республикалық бюджет туралы заң ресми жарияланғаннан кейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей, бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ өзінің интернет-ресурсында алдағы жылға есептелген зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілігі шегін (ТЖШ) жариялауға міндетті.
Осы талапты орындай отырып, БЖЗҚ 2024 жылға арналған ТЖШ жариялайды.
2024 жылға арналған ТЖШ мөлшері 2023 жылғы ТЖШ деңгейінде қалатынын хабарлайды.
Естеріңізге сала кетейік, ТЖШ – бұл ай сайынғы зейнетақының мөлшерін ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем емес деңгейде қамтамасыз етуге қажетті зейнетақы жинақтарының (міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған) ең төменгі мөлшері. Бұл әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге, сондай-ақ болашақ зейнетақы жарналарының болжамды есептеулеріне (ең төменгі жалақы мөлшерінен) және инвестициялық табыстылыққа сүйене отырып анықталатын зейнетақы жинақтарының бағалау сомасы. Басқаша айтқанда, ең төменгі жеткіліктілік шегі – бұл салымшының зейнет жасына жеткенде ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем емес зейнетақы төлемдерін (ең төменгі базалық зейнетақы төлемін ескере отырып) алуы үшін шотта қалуға тиіс ең төменгі көрсеткіш.
ТЖШ есептеу Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесіне (бұдан әрі – Әдістеме) сәйкес жүргізіледі (ҚР Үкіметінің 30.06.2023 №521 Қаулысымен (бұдан әрі – №521 Қаулы) бекітілген).