2023 жылғы қаңтар-шілде аралығында БЖЗҚ салымшыларының шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс 760,9 млрд теңгеден асты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 259,8 млрд теңгеге немесе 52% артық.
БЖЗҚ-ның Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (ҚРҰБ) басқаруындағы зейнетақы активтері бойынша табыстылық соңғы 12 айда 7,89% көрсетті.
Инвестициялық кіріс бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы түріндегі, қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалау түріндегі кірістерден, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістерден және т. б. тұрады. Зейнетақы активтерін басқаратын ҚР Ұлттық Банкі және инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) зейнетақы активтерін еліміздегі және шетелдегі экономиканың сан-алуан секторларының түрлі қаржы құралдарына инвестициялық кіріс алу мақсатында орналастырады. Мұндай әртараптандыру зейнетақы жинақтарының сақталуын және орнықты табыстылығын қамтамасыз етеді. БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі құрылымындағы ҚРҰБ қаржы құралдары бөлінісінде 29,6% – АҚШ долларында, 70,4% – ұлттық валютада номиналданған.
Зейнетақы жинақтары – ұзақ мерзімді инвестиция. Сәйкесінше, инвестициялық кірістің мөлшерін кем дегенде 1 (бір) жыл кезеңіне талдаған жөн. Қысқа мерзімді деректер (күнделікті, айлық және т.б.) көрсеткіш бола алмайды, өйткені, олар күнделікті нарықтық жағдайға тәуелді.