KASPI.KZ ЖӘНЕ HALYK HOMEBANK МОБИЛЬДІ ҚОСЫМШАЛАРЫ

Қазақстандықтар арасында танымал Kaspi.kz және Halyk Homebank мобильді қосымшаларына «Цифрлық құжаттар» қызметі енгізілді. Бұрын цифрлық құжаттарды тек eGov Mobile қосымшасы арқылы ғана пайдалануға болатын.

 

Мемлекет басшысының қаржы жүйесін тұрақтандыруды қамтамасыз ету бойынша тапсырмасын орындау барысында Қазақстанның Ұлттық банкі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізді.

Енді Kaspi.kz және Halyk Homebank қосымшаларындағы мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінде азаматтар «Цифрлық құжаттар» сервисін көре алады. Жүйеге кіру кезінде пайдаланушы бір реттік пароль арқылы цифрлық құжаттарды қолдануға келісімін беруі керек, келісімсіз деректер сыртқы платформаларға жіберілмейді. Клиентті сәйкестендірудің бұл механизмі жоғары қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және үшінші тараптардың алаяқтығының алдын алады. Сұраныс орнында цифрлық құжатты ұсыну үшін QR кодты немесе қысқа алты таңбалы кодты пайдалану қажет.

Цифрлық құжат – құжаттың түпнұсқасының баламасы. Қазіргі уақытта «Цифрлық құжаттар» сервисі 10 млн-ға жуық азамат белсенді пайдаланатын 18 құжаттан (жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, вакцинация паспорты, ПЦР тест және туу туралы куәлік және т. б.) тұрады.

Бүгінгі күні цифрлық құжаттарды еліміздің барлық әуежайларында, «ҚТЖ» АҚ теміржол вокзалдарында пойызға отырғызу кезінде, «Отбасы Банк» АҚ бөлімшелерінде, Beeline ұялы байланыс операторында, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктер мен нотариустардан қызмет алу кезінде пайдалануға болады.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, Kaspi.kz және «Халық банкі» АҚ интеграциясы арқасында цифрлық құжаттар сыртқы платформаларда қолжетімді болды.

Сейлхан Мадешов, Гульнара Жаппарова,  халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары.

Дата публикации
22 сентября 2023