2023 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің нормаларына сәйкес, зейнетақы төлемдерін еңбек сіңірген еңбегі үшін алушылар міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және (немесе) өздері немесе жұбайы (зайыбы) немесе жақын туыстары үшін емделуге ақы төлеуге пайдалануға құқылы.
Бұл құқықты әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері, сондай-ақ, арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болу және нысанды киім киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар қолдана алады. Сондай-ақ, бұл санатқа Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарындағы медициналық лауазымдары 2022 жылғы 1 шілдеден және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қысқартылған, лауазымы қысқартылған кезде әскери қызметте, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметте, мемлекеттік фельдъегерлік қызметте кемінде он екі жыл және алты ай үзіліссіз еңбек сіңірген жылдары болған адамдар қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу абақтылары мен мекемелерінде орналасқан медициналық ұйымдарда жұмысын жалғастырған жағдайда кіреді.