Мемлекеттік қызметке кіру үдерісі конкурс ұғымына біріктірілген бірнеше кезеңнен өтеді. Егер мемлекеттік органда бос лауазымдар пайда болса, онда кандидаттарды конкурстық іріктеу өткізіледі.
Бос жұмыс орындары туралы ақпарат конкурс жариялаған мемлекеттік органдардың және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің (gov.kz/memleket/entities/qyzmet) интернет-ресурстарында орналастырылады. Мерзімді басылымдарда жарнамаларды жариялауға рұқсат етіледі.
Мемлекеттік қызметке алғаш кіретін немесе жаңадан қабылданатын азаматтар іріктеудің келесі кезеңдерінен өтеді:
Мемлекеттік тілді, Қазақстан Республикасының заңнамасын білу және жеке қасиеттерін бағалауға тестілеу. Бұл тестті алдын-ала тапсыруға болады, оның жарамдылық мерзімі - 1 жыл.
Жалпы конкурсқа қатысуға ниет білдірген азаматтар конкурс өткiзетiн мемлекеттiк органға құжаттарын қолма-қол тәртіпте, почта арқылы не хабарландыруда көрсетілген электрондық почта мекенжайына электронды түрде не "Е-gov" электронды үкімет порталы арқылы құжаттарды қабылдау мерзімінде тапсырады.
Қағидаға сәйкес мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға мемлекеттік тілді және ҚР заңнамасын білуге үміткерлерді тестілеу үш бағдарламадан тұрады. Сіз таңдаған лауазым санатына сәйкес бағдарламаны таңдау қажет. Осы тестілеуден өту жөніндегі нұсқаулықпен МҚІА сайтында танысуға болады.