
сайлау жай ғана дауыс беру емес
Өткен аптада М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің залында жастардың саяси мәдениетін қалыптастыруға және сайлау процесіне қатысу белсенділігін арттыруға бағытталған Жас сайлаушылар форумы өтті.
Форум жұмысына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев, Жамбыл облыстық мәслихаты тұрақты комиссиясының төрайымы Фарида Жүнісова, облыстық, қалалық/аудандық аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, қала/аудан әкімдерінің орынбасарлары, қалалық/аудандық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары мен Жастар ресурстық орталықтарының директорлары, қалалық/аудандық Жас сайлаушылар клубының мүшелері, «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының директоры, қоғам белсендісі Қасымхан Төлендиев, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, саяси партиялар мен үкіметтік емес қоғамдық ұйымдардың төрағалары, БАҚ өкілдері жұмысшы жастар мен білім беру ұйымдарының студенттері қатысты.
Форум басында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің фойесінде сайлау учаскесінің үлгілік көрінісі ұйымдастырылып, сайлау процесінің қалай ұйымдастырылатынын, учаскелердің материалдық-техникалық жарақтандырылуын және сайлаушыларға жасалған жағдайларды көрсету арқылы жас сайлаушыларға ақпарат беріліп, сайлау учаскесіндегі жұмыстардың ұйымдастырылу тәртібімен жан-жақты танысты.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев құттықтау сөз сөйлеп, жастардың ел дамуы мен болашағындағы шешуші рөліне тоқталды. Сонымен қатар сайлау мәдениетін қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру және жастардың саяси өмірге белсенді қатысуының маңыздылығын айтты.
– Бүгін біз демократияның ең басты құндылығы – азаматтардың сайлау мәдениетін қалыптастыру мен азаматтық жауапкершілік туралы диалог алаңында жиналып отырмыз.
Бұл кездесу – ел ертеңіне, өз болашағымызға бейжай қарамайтын әрбір азамат үшін маңызды сәт деп ойлаймын.
Сайлау – жай ғана дауыс беру емес.
Ол – ел тағдырын айқындайтын маңызды шешім қабылдайтын және әр азамат өз даусымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси өміріндегі өзгеріске үлес қосуына мүмкіндік беретін жүйе, – деді өз сөзінде облыс әкімі.
Қазір елімізде саяси жүйе жаңа серпін алды. Конституциялық реформалар нәтижесінде 2022 жылы ҚР «Сайлау туралы» Конституциялық заңына өзгерістер енгізіліп, Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлау барысында партиялық тізімдерге енгізілген кандидаттардың сапалық құрамында әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар квотасы 30 пайыздан кем емес пропорциясында болу міндеттелді.