
Байзақ ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінде екі мемлекеттік қызметші және екі келісім шартпен қосымша азаматтық қызметкерлер жұмыс істейді. Бөлімнің екі бағынысты мекемесі: алғаш 2020 жылы ашылған бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығы және үстіміздегі жылдың ақпан айынан жаңадан өз жұмысын бастаған балалар мен жасөспірімдердің дене даярлығы клубы коммуналдық мемлекеттік мекемелері бар. Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының штат бірліктері 37 және балалар мен жасөспірімдердің дене даярлығы клубының штат бірліктері 11,5.
Сондай-ақ, ауданда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына бағынысты 4 спорт мектебі бар. Спорт мектептерінде барлығы 124 жаттықтырушы 3320 оқушыны құраған 225 оқу тобымен жұмыс істеп жатыр.
Дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысушылар саны 2023 жылдың қорытындысымен 43015 адамды немесе жалпы халықтан 40,6% құраса, бұл көрсеткіш 2024 жылдың қорытындысымен 43730 адамды немесе жалпы халықтан 41,1% құрап отыр. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 715 адамға көбейген.
Байзақ ауданы бойынша 2024 жылы барлығы 514 спорттық іс-шара өткізілсе, оған 46968 адам қамтылған. Бұл көрсеткіштегі қамтылған адам саны 2023 жылмен салыстырғанда 14581 адамға көбейген.
Спорт түрлерінен спартакиадаларды, түрлі турнирлерді, Президенттік тестілерін тапсыру айлықтарын, отбасылар арасындағы спорттық жарыстарды, аула, көше ойындарын, жаппай жүгіру мен ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар және өзге де бұқаралық, кешенді іс-шараларды өткізу дәстүрге айналды. Бұл спорттық жарыстардың ішінде жастардың тағатсыздана күтіп отыратын жыл сайынғы дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан футзал, волейбол, баскетболдан аудан біріншіліктері 2015 жылдан бері өткізіліп, спорттық іс-шаралардың ішіндегі жастарды спортқа баулу мақсатындағы табысты жобалардың біріне айналды. Жыл сайын қаңтар айы мен сәуір айы аралығында өтетін бұл спорттық жарыстарға 600-ге жуық жас спортшылар қамтылады және апта сайын айналма әдісімен өткізілетін турнирлер жастардың бос уақыттарын тиімді пайдаланудағы тамаша әдістемелердің бірі болды деп санаймыз.
Ауданда асық ойындары, көкпар, ат спорты ойындары, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, құсбегілік және жамбы ату сияқты ұлттық спорт түрлері жанданып дамып келеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша қарқынды түрде дамыған ұлттық спорт түрлерімен 2 мыңға жуық адам шұғылданып жатыр.
Ауданда асық ату, қазақ күресі, шахмат және дойбы федерациялары қоғамдық бірлестіктері жұмыс істеп жатыр.
Бұқаралық дене шынықтыру-спорт қозғалысын тиімді дамытудың нәтижесінде спортшылар спорт жарыстарында жоғары жетістіктерге қол жеткізетінін көрсетеді. Аудандық жоғары жетістіктер спорты да нақты міндеттер мен даму бағыттарын іске асыруға бағдарланған. Сондай-ақ, Байзақтық жас спортшылар жекелей спорт түрлері бойынша облыстық, республикалық деңгейдегі спорттық жарыстарды былай қойғанда континенттік және Әлем деңгейінде алыс шет елдерде Қазақтың көк байрағын желбіретіп, абыройын асқақтатып жүр.
Олардың ішінде бокстан Азия чемпионатының қола жүлдегерлері Қалабай Ақжүрек, Алмасбек Тахмина, грек-рим күресінен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ашрапов Юсуф, кикбоксингтен Әлем кубогінің иегері Сабыр Әліби, Халықаралық көшпенділер ойындарының жеңімпаздары Нұрмұхаметова Рауза, Құрманбай Есжан қазақ спортының мақтанышына айналды. Қазіргі таңда ауданнан шыққан жас спортшылар арасында 48 спортшы ұлттық құрамада өнер көрсетеді.
2024 жылдың өзінде спортшыларымыз халықаралық және республикалық жарыстарда 552 жүлделі орындарды иеленді. Олардың арасында 2024 жылы 3 спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2 спортшы Қазақстан Республикасының спорт шебері атақтарына қол жеткізді.
2023 жылдың қорытындысы бойынша Байзақ ауданында барлығы 282 спорт нысаны тіркелсе, бұл көрсеткіш 2024 жылдың қорытындысымен 5 спорт нысанына ұлғайып, 287-ге жетіп отыр (1 стадион, 4 спорт кешені, 212 жазықтық құрылғы, 1 ашық теннис корты және 68 спорттық залдар ).
2024 жылы 6 спорт алаңшалары (Ақтөбе, Қостөбе, Ботамойнақ, Үшбұлақ, Құмжота, Сеңкібай ауылдарындағы кіші футбол алаңшалары) және Ботамойнақ ауылдық округі аумағынан 1 ипподром жаңадан қолданысқа берілді.
Спорт нысандарының 71-і ауылдық округтердің әкімшіліктеріне және мәдениет ғимараттарының бір қанатынан салынып, аудандық мәдениет бөліміне қарасты ғимараттар болса, 175 спорт нысаны білім мекемелеріне және 41 спорт нысаны спорт мекемелерінің теңгеріміндегі ғимараттар болып табылады. 2 спорт нысаны жеке меншікте (Сарыкемер ауылындағы жаттығу залы мен кіші футбол алаңшасы).
Жоғарыда аталған спорт нысандарының барлығы ауыл тұрғындарына спортпен шұғылданулары үшін толықтай қолжетімді. Спорт нысандарының көрнекті жерлерінде тұрғындарға арналған жаттығу кестелері әзірленіп, спорт нысандары басшыларымен бекітіліп, ілінген. Бүгінгі таңда аудан бойынша спорт залдар мен спорт алаңшаларында кешкі сағат 19:00-ден бастап, 22:00-ге дейінгі уақытта (бірқатар спорт нысандарында 18:00-ден бастап және 23:00-ге дейін) шұғылданушылар қатары 14 мың адамға жетіп отыр.