Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі

ЖАЛПЫ БӨЛІМ
1-бөлім. БЮДЖЕТ ЖҮЙЕСІ
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Кодекстен және қабылдануы осы Кодексте көзделген нормативтік құқықтық актілерден тұрады.

      Сот жүйесін қаржыландыру ерекшеліктері "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында реттеледі.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Кодекстегіден өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 20.12.2021 № 83-VII (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-бап. Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының қолданылуы

      1. Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасының Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында күші болады және барлық жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.

      2. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстің мемлекеттік мекемелерге қатысты ережелері Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бюджетінен (шығыстар сметасынан) қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелерге қолданылмайды.

      2-1. Осы Кодекстің ережелері "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында реттелмеген бөлігінде сот жүйесін қаржыландыруға қолданылады.

      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың тиісінше республикалық және жергілікті бюджеттерден кезекті қаржы жылына ақша бөлу туралы актілері, осы актілердің қайтарымды негізде ақша бөлу туралы ережелерін қоспағанда, ағымдағы қаржы жылы аяқталғаннан кейін күшін жояды.

      Жоспарлы кезеңнің екінші және үшінші жылдары бойынша республикалық бюджет туралы заңға (жергілікті бюджет туралы мәслихат шешіміне) қосымшалардың қолданысы келесі жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет туралы заңның (жергілікті бюджет туралы мәслихат шешімінің) қолданысқа енгізілуімен күшін жоятын болады.

      4. Республикалық бюджет туралы заң, жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімі, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың оларды іске асыру туралы актілері, сондай-ақ оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы нормативтік құқықтық актілер тиісті қаржы жылының 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 20.12.2021 № 83-VII (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-1-бап. Блоктық бюджет

      1. Блоктық бюджет – әкімшіге шығыстар лимиттеріне сәйкес белгіленген блок шегінде нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін бюджет қаражатын дербес бекітуге, қайта бөлуге және толық пайдалануға өкілеттік берілетін бюджет процесін басқару тәсілі.

      2. Блоктық бюджетті енгізу және оның жұмыс істеу қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      3. Блоктық бюджетті пайдаланатын мемлекеттік органдардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      4. Осы баптың ережелері пилоттық жоба шеңберінде 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады.

      Ескерту. 2-1-баппен толықтырылды – ҚР 05.07.2024 № 115-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

3-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      1. Осы Кодексте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) аваль - вексельдік кепілдік, оны жасаған тұлға вексель бойынша міндетті тұлға үшін вексель бойынша төлемді жүзеге асыру жөнінде (толық немесе ішінара) өзіне міндеттеме қабылдайды;

      2) байланыссыз гранттар - Қазақстан Республикасы Үкіметінің грант берген донордан одан әрі қарыз алуын немесе республикалық және жергілікті бюджеттерден қоса қаржыландыру көзделмейтін гранттар;

      3) байланысты гранттар - Қазақстан Республикасы Үкіметінің грант берген донордан одан әрі қарыз алуын немесе байланысты грантты іске асыруға бағытталған тиісті бюджеттік бағдарламаның шеңберінде республикалық және жергілікті бюджеттерден қоса қаржыландыруды көздейтін гранттар;

      4) байланысты грант туралы келісім - Қазақстан Республикасына өтеусіз қаржылық немесе техникалық көмек ұсыну көзделген мемлекеттік орган және донор арасындағы шарт;

      5) алып тасталды - ҚР 12.11.2015 № 393-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      6) банк кепiлдiгi – қарыз алушы мемлекеттiк кепiлдiк беру туралы келiсiмде белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде қарыз шарты бойынша соманы төлемеген жағдайда, банктiң бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкілетті орган алдындағы мемлекет кепiлдiк берген қарыз бойынша берешектi өтеу жөнiндегі мiндеттемесi;

      7) бекітілген бюджет - Қазақстан Республикасының Парламенті немесе тиісті мәслихат бекіткен бюджет;

      7-1) болжамды шоғырландырылған қаржылық есептілік – бюджеттік және қаржылық есептілік негізінде қалыптастырылатын, макроэкономикалық көрсеткіштермен байланыстырылған, есепке жазу әдісі бойынша таза активтердің, мiндеттемелердің, кірістер мен шығыстардың қаржылық жағдайы, қозғалысы және нәтижелері туралы ақпарат;

      8) борышқа қызмет көрсету - белгілі бір уақыт кезеңіндегі сыйақының, комиссиялық төлемдердің, айыппұлдардың және қарыз алу шарттарынан туындайтын өзге де төлемдердің жиынтық төлемі;

      9) борыш мониторингі - мемлекеттің өзі уәкілеттік берген органдар арқылы борышты есепке алу, талдау және қалыптастыру, өзгерту және қызмет көрсету процесін бақылау жөніндегі қызметі;

      10) борышты өтеу - қарыз алушының алған қарыз сомасын қарыз шартында белгіленген тәртіппен қайтаруы, қарыз шартынан туындайтын басқа да міндеттемелерді орындауы;

Дата публикации
05 ноября 2024