GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Әкім аппараты
Қызметі
Онлайн қабылдау
Все материалы
03 сентября 2026
Түймекент ауылында «Арай» Групп компаниясының демеушілігімен жаңа кіші футбол алаңшасы ашылды

Ауыл жастары мен өскелең ұрпақ үшін тағы бір қуанышты орын пайда болды. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Түймекент ауылында спортты насихаттау және салауатты өмір салтын қолдау мақсатында жаңадан бой көтерген кіші футбол алаңшасы ел игілігіне берілді.

Салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімі құттықтау сөз сөйлеп, жастарды спортпен белсенді шұғылдануға шақырды және ауыл тұрғындарын осынау маңызды оқиғамен құттықтады.

Бұл игі бастаманың жүзеге асуына қолдау көрсеткен демеуші – «АРАЙ» Групп компаниясының басшысы Арман Еділбаевқа аудан басшысы мен ауыл тұрғындары өз алғыстарын жеткізді

Сондай-ақ шара барысында Түймекент ауылдық округінің ақсақалдар алқасының төрағасы Оспанов Бақыт жастарға сәттілік тілеп, «Жастар – болашағымыздың тірегі, ал денсаулық – басты байлық. Жаңа алаңша ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізіп, спортта биік белестерді бағындыруына септігін тигізсін!», - деп өз батасын берді.

Бұл алаң – болашақ чемпиондар шығатын қасиетті орынға айналсын!

26 августа 2026
Жамбыл агросекторы: өнімділік артып, өңдеу өндірісі жаңа деңгейге көтерілуде


Жамбыл облысының аграрлық секторы құрылымдық өзгеріс кезеңін бастан өткеруде. Дәстүрлі шикізат өндіруден терең өңдеуге және импортты алмастыруға бағытталған жаңа модель 2026 жылғы егін жинау науқанында нақты жүзеге асып жатыр.

Инфрақұрылымға салынған инвестициялар, өңдеу кәсіпорындарының іске қосылуы және егін өнімділігінің артуы өңір экономикасының жаңа бағытын қалыптастыруға мүмкіндік беруде.

Су ресурстары және егіс алқаптары

Биыл облыстағы егіс алқаптарының жалпы көлемі 654,9 мың гектарға жетіп, 2025 жылмен салыстырғанда 15 мың гектарға артты. Егіс көлемінің ұлғаюына су шаруашылығын жаңғырту жұмыстары негіз болды. Ислам даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен өңірде 91 суару каналы жөнделіп жатыр.

Су ресурстарына қолжетімділіктің артуы және заманауи агрохимияны қолдану егін өнімділігіне оң әсер етті. Жоспарланған 109,7 мың тонна минералды тыңайтқыштың 102,8 мың тоннасы алқаптарға енгізілді. Бұл жоспардың 93,8 пайызын құрайды.

Маусымның басты нәтижелерінің бірі – дәнді дақылдардың өнімділігінің айтарлықтай өсуі.

Дәнді дақылдар 351,5 мың гектар алқаптың барлығынан жиналып, 694,8 мың тонна астық бастырылды. Өнімділік өткен жылғы гектарына 7,6 центнерден биыл 19,8 центнерге дейін жетіп, 2,5 есеге артты.

Картоп 6,3 мың гектар алқаптың 73,1 пайызынан жиналып, 144,8 мың тонна өнім алынды. Көкөніс алқаптарынан 500 мың тоннадан астам өнім алу жоспарлануда.

Бақша дақылдарын жинау жұмыстары 94,3 пайызға аяқталды. Қазірдің өзінде 249,1 мың тонна өнім жиналды. Мақсары жинау жұмыстары жалғасуда.

Биылғы орақ науқанының қарқынды өтуіне алдын ала жүргізілген дайындық жұмыстары әсер етті. Егін жинауға 8,3 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлініп, оның 73,9 пайызы шаруаларға таратылды. Дала жұмыстарына 10 мыңнан астам техника, оның ішінде 490 комбайн жұмылдырылды.

Сонымен қатар машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері аграршылар 302 жаңа техника сатып алып, техникалық паркті жаңарту деңгейін 8 пайызға жеткізді.

Жүгері кластері

Жамбыл агросекторының негізгі бағыттарының бірі – жергілікті қайта өңдеу кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету.

Биылғы маңызды жобалардың бірі – қытайлық Fufeng Group компаниясының жүгеріні терең өңдейтін өндірістік кешенінің алғашқы кезеңін іске қосу.

Жаңа кәсіпорынның қажеттілігін қамтамасыз ету үшін облыста дәндік жүгері егістігінің көлемі 6,4 мың гектарға ұлғайып, 24,6 мың гектарға жетті. Биыл шаруалар 173 мың тонна жүгері жинауды жоспарлап отыр. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 64 мың тоннаға артық.

Fufeng Group жобасының іске қосылуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық түсімдерін арттыруға және жергілікті шаруалар үшін ұзақ мерзімді өткізу нарығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қант өндірісін қайта жандандыру

2026 жылғы тағы бір маңызды бағыт – қант қызылшасын өңдеуді қамтамасыз ету. Биыл облыста стратегиялық дақылдың егіс көлемі 8,5-9,9 мың гектарды құрады. Қант қызылшасының жалпы түсімі 450 мың тонна болады деп болжануда.

Бұл өнімнің толық көлемін өңірдегі екі негізгі кәсіпорын – Меркі және Тараз қант зауыттары қабылдайды.

Меркі қант зауыты штаттық режимде жұмыс істеп, 250 мың тонна шикізат қабылдауға дайындалуда.

Тараз қант зауыты 25 жылдық үзілістен кейін қайта іске қосылмақ. Кәсіпорынның өндірістік қуаттары 95 пайызға жаңартылды, ескі жабдықтар толықтай бөлшектеліп, газ және жаңа энергетикалық қуаттар тартылды. Зауыт 200 мың тонна қант қызылшасын қабылдауға дайын. Пусконаладка жұмыстары қазан айына жоспарланған.

Екі кәсіпорынның 450 мың тонна қызылшаны өңдеуі нәтижесінде шамамен 44 мың тонна отандық қант өндіру көзделіп отыр. Бұл Қазақстанның импортқа тәуелділігін төмендетуге бағытталған маңызды қадам болмақ.

Жалпы, 2026 жылдың қорытындысы бойынша Жамбыл облысының аграршылары 3,4-3,6 млн тоннадан астам түрлі ауыл шаруашылығы өнімін өндіруді жоспарлап отыр.

Шикізатты ғана өткізуден жоғары қосылған құны бар дайын өнім өндіруге көшу өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа даму бағытын айқындауда.

13 августа 2026
ТАЗАЛЫҚ ТАЗАЛАҒАН ЖЕРДЕ ЕМЕС, ТАЗА ҰСТАҒАН ЖЕРДЕ БОЛАДЫ

Басқа жерлердегідей ауданымызда да тазалық жұмыстары қызу қолға алынды. Әсіресе әр сенбі күні қай ауылдық округтерде болмасын ауылдың төңірегі, көше бойлары, әрбір үйдің маңайы тазалануда. Сондай-ақ қураған ағаштар ретке келтіріліп, қоқыстар сыртқа шығарылуда. Бірнеше жылдан бері ескерусіз қалған газ трубалары сырланып, ауылдарға рең беріле бастады. Әрбір ауылдың тазалығы аудан басшыларының назарында. Аудан әкімінен бастап орынбасарларыда бұл жұмыстарды жіті қадағалап, тазалыққа басымдық беруде.
Аудан әкімінің орынбасары Қуаныш Бүркітәлиев өткен аптаның сенбісі күні Бәйтерек ауылдық округіне арнайы жұмыс сапарымен барып, өңірдің бет-бейнесімен танысып қайтты. Сапар барысында Қуаныш Қалмаханұлы округке қарасты Базарбай, Көкбастау, Төрегелді, Тегістік ауылдарында болып, әрбір көше бойын жаяу аралап шықты.
Сөйтіп санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, абаттандыру жұмыстарын ұтымды ұйымдастыру, заңсыз қоқыс үйінділерінің алдын алу, балалардың ойын алаңдары мен спорт алаңдарын күтіп ұстау, көгалдандыру жұмыстарына басымдық беруді тапсырды.
Әрбір елдімекеннің инфрақұрылымы, тазалығы және әлеуметтік жағдайы жіті тексерілді. Нәтижесінде ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту бағытында жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Ал оның орындалуына мерзім белгіленіп, қайта тексерілетіні қатаң ескертілді. Бұл ретте округ әкімі Қуаныш Жұмановқа тазалық жұмысына ауыл тұрғындарын ұйымдастыру тапсырылды. Төрт ауылдан тұратын округте тазалық жұмыстары сенбі күніне қарамастан қызу жүргізіле бастады.
“Тазалық тазалаған жерде емес, таза ұстаған жерде болады” демекші, ауыл тұрғындарының өз ауылдарын таза ұстағандары жөн. “Тазалық-денсаулық кепілі” екенінде естен шығарып алмайық.
Жұмыс сапары соңында аудан әкімінің орынбасары Қуаныш Қалмаханұлы “Жұмыс көзбен көріп, қолмен атқарғанда ғана нәтижелі болмақ”,- деп атап өтті. Ал біздің бұған алып-қосарымыз жоқ.

05 августа 2026
ӨНЕР ДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕК: Амангелді Тілептің шығармашылық кеші өтті

Әл-Фараби атындағы аудандық мәдениет үйінде әнші, күйші, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Амангелді Нағмашұлы Тілептің зейнет жасына толуына арналған «Өнер деп соққан жүрегі!» атты шығармашылық кеші өтті.

Шығармашылық кеште Амангелді Тілеп халық әндері «Ақсұңқар», «Қымыз құйғыш», «Үкілі қыз», сондай-ақ «Құрбымнан хат», «Қазақтың келіндері-ай» сынды шығармаларды орындап, күйшілік өнерін де көпшілікке паш етті.

Мерейтой иесін аудандық мәслихат төрағасы Бақтияр Ақбаев құттықтап, мәдениет саласына сіңірген елеулі еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрінің Алғыс хатын, Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін және Байзақ аудандық мәслихатының Алғыс хатын табыстады.

Сонымен қатар, Жамбыл облыстық мәдениет, спорт, туризм қызметкерлері кәсіподағы ұйымының заңгері Керімбек Дина Орынбекқызы арнайы қатысып, Амангелді Нағмашұлын «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағының» «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапаттады.

Кеште Амангелді Тілеп жетекшілік ететін «Әжелер» ансамблі, «Ардагерлер» ансамблі, «Байзақ» триосы өнер көрсетіп, белгілі әншілер мен термешілердің орындауындағы шығармалар көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ шәкірттері – Ғани Мәтебаев, Жалғас Мәдіомар, Дінмұхаммед Сембек, Әлиасқар Берікбай, Ерасыл Мырзабеков, Мансұр Сапарғали, Дамир Серкешбай және Нұржігіт Жамаладдин халық әндерін орындап, ұстаздарына деген құрметтерін білдірді.

Кеш барысында мерейтой иесінің өмір жолынан сыр шертетін бейнеролик көрсетіліп, отбасы мүшелері мен шәкірттерінің арнайы әзірлеген музыкалық тартулары көпшілікке ерекше әсер сыйлады.

Шара соңында сөз алған Амангелді Нағмашұлы өнер жолында бірге болған әріптестеріне, шәкірттеріне, достары мен туған-туыстарына және барша көрермен қауымға шынайы алғысын білдіріп, ұлттық өнерге қызмет етуді алдағы уақытта да жалғастыратынын жеткізді.

23 июля 2026
Қостөбе ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен «Медиация – заманның талабы» атты семинар өтті

Қостөбе ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен Қостөбе ауылдық клубында «Медиация – заманның талабы» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты – ауыл тұрғындары арасында медиация институтын кеңінен насихаттау, құқықтық мәдениетті арттыру және қоғамдағы дау-дамайларды бейбіт жолмен шешудің маңызын түсіндіру.

Семинарға Байзақ аудандық сотының төрағасы Төленбеков Досжан Қанатбекұлы, Байзақ ауданы прокуратурасының прокуроры Ержанұлы Бижан, Байзақ ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Әжібаев Айбек Иткараевич, сондай-ақ Жамбыл облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының медиаторы, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы жанындағы білім беру ұйымдарының медиаторлар кеңесінің төрайымы Көшекбаева Ғани Ақылбекқызы қатысты.

Кездесу барысында қатысушыларға Қазақстан Республикасының Конституциясының қоғам өміріндегі маңызы, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ медиация институтының артықшылықтары туралы жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Байзақ аудандық сотының төрағасы Досжан Қанатбекұлы өз сөзінде сот жүйесіндегі медиацияның тиімділігіне тоқталып, дауларды сотқа дейін өзара келісім арқылы шешудің маңызын атап өтті. Сонымен қатар, Билер кеңесімен бірлескен жұмысты жандандырудың қоғамдық келісімді нығайтудағы рөліне ерекше назар аударды.

Семинар барысында ауылдық жерлерде туындайтын көршілік, жер, отбасы және тұрмыстық сипаттағы дауларды медиация тәртібімен шешудің тиімділігі түсіндіріліп, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері талқыланды.

Іс-шара соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, медиация институтын кеңінен қолдану қоғамдағы тұрақтылықты, өзара түсіністік пен келісімді нығайтуға ықпал ететіні атап өтілді.

21 июля 2026
Жамбыл облысында жол құрылысы саласында 73 жоба жүзеге асуда

7 шақырым көшені қайта жаңғырту, сондай-ақ 128,9 шақырым автомобиль жолына орташа жөндеу жүргізу жоспарланған.

Жобалардың 33-і – өткен жылдан өтпелі, ал 40-ы – биыл басталған жаңа жоба. Бүгінгі күнге дейін 19 жоба толық аяқталған.

Жол құрылысының сапасын бақылау тұрақты жүргізілуде. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мамандары осы уақытқа дейін 26 нысанда 57 инспекциялық тексеру өткізіп, 184 сынама алған. Бірқатар кемшілікті мердігер ұйымдар жұмыс барысында кезең-кезеңімен жоюда.

Кеңесте қоғамдық көлік саласының жай-күйі де сараланды. Қазіргі таңда облыста 163 автобус маршруты тұрғындарға қызмет көрсетуде. Оның ішінде 13 облысаралық, 27 ауданаралық, 72 ауданішілік және ауылішілік, 46 қалалық және 5 қала маңындағы маршрут бар.

Бұл бағыттарда 34 тасымалдаушы мекеме 814 автобуспен жолаушыларға қызмет көрсетуде.

Автобус паркін жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Биыл қалалық бағыттарға 10 жаңа автобус жеткізілді. Жыл соңына дейін тасымалдаушы компаниялар қосымша 40 автобус сатып алуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, ауданішілік бағыттарға 2 жаңа автобус алынған.

Заңсыз жолаушылар тасымалының жолын кесу мақсатында жыл басынан бері 20 рейдтік іс-шара өткізілді. Оның нәтижесінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес 251 әкімшілік хаттама толтырылып, 2,3 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Кеңес барысында облыс әкімі жол құрылысы сапасының талапқа сай орындалуы басты назарда болуы керектігін атап өтті.

– Жол жөндеу жобалары белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуы тиіс. Әрбір жобаның іске асырылу барысына апта сайын мониторинг жүргізіп, жұмыстың уақытылы аяқталуына кедергі келтіретін мәселелерді жедел шешу қажет. Жол құрылысында техникалық талаптар мен қолданыстағы стандарттарға толық сәйкес келетін асфальтбетон қоспалары ғана пайдаланылуы тиіс. Сапасыз материалдарды қолдануға жол берілмейді, – деді Ербол Қарашөкеев.

Сонымен қатар өңір басшысы заңсыз жолаушылар тасымалына қарсы күресті күшейтуді, стихиялық аялдамалар мен бейберекет тұрақтарды жою бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен бірлескен рейдтерді тұрақты ұйымдастыруды тапсырды. Бұдан бөлек, аудан орталықтарында автостанциялар немесе жолаушыларға қызмет көрсету пункттерін ашу, сондай-ақ жұмысын тоқтатқан нысандардың қызметін қайта жандандыру мәселесін жеке бақылауға алуды міндеттеді.

Кеңес қорытындысында жауапты басқармалар мен аудан әкімдеріне берілген тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету жүктелді.

15 июля 2026
ТАЗАЛЫҚ - ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Ағымдағы жылдың 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістерге сәйкес «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Аталған тұжырымдамаға сәйкес елдімекендердің санитарлық тазалығын сақтау, абаттандыру қағидаларын орындау және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау – әрбір азаматтың заңмен белгіленген міндеті.

Бурыл ауылдық округі
Бүгінгі таңда елдімекендер аумағында санитарлық тазалық талаптарының сақталуы басты назарға алынған. Осы мақсатта аудан әкімі Олжас Баққараев өткен аптаның жұмасында Бурыл ауылдық округіне атбасын бұрып, ауылдың санитарлық жағдайын, абаттандыру жұмыстарын және елді мекеннің сәулеттік келбетіне әсер ететін инфрақұрылым нысандарын аралап көрді.
Көше-көшені аралаған аудан әкімі Олжас Елебекұлы жергілікті тұрғындармен кездесіп, 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген жаңа талаптарды түсіндірді. Атап айтқанда әрбір тұрғын өз үйінің айналасындағы 5 метр аумақтың тазалығына жауапты екендігін, бұл аумақтағы қоқыс, реттелмеген шөп және өзге де санитарлық талаптардың сақталуы тұрғынның міндетіне жататындығын айтты. Заң талаптарын бұзған жағдайда алғаш ескерту жасалатынын, ал ескерту орындалмаған жағдайда 130 000 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынатынын ескертті. Сонымен қатар бұл талап кәсіпкерлік нысандарға да қатысты екенін айтып, заң талаптарын сақтамаған заңды тұлғаларға 1 297 500 теңгеге дейін айыппұл қарастырылғанын жеткізді.
Сондай-ақ, аудан басшысы көшелерде шашылып жатқан тұрмыстық қалдықтарға, газ құбырларының сырланбағанына, сондай-ақ ауылдың сәулеттік келбетіне кері әсерін тигізіп тұрған қараусыз қалған ғимараттардың жай-күйіне назар аударды.
Осыған байланысты Бурыл ауылдық округінің әкімі Ерлан Әшірбековке нақты ескертулер беріліп, жауапты бөлім басшыларына анықталған кемшіліктерді белгіленген мерзімде жою, аумақтарды таза ұстау, ауылдың тазалығы мен көркін жақсарту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу тапсырылды.
-Елдімекендердің тазалығы мен көркі-тұрғындардың ортақ жауапкершілігі. Сондықтан әрбір азамат пен кәсіпкер заң талаптарын сақтап, өзіне тиесілі аумақтың тазалығына ұқыптылықпен қарауы қажет”, - деді О.Баққараев.

13 июля 2026
Бірлік пен келісім – біздің ортақ құндылығымыз!

Құрметті Жамбыл облысының тұрғындары!
Біздің өңіріміз – түрлі этнос өкілдері ғасырлар бойы тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан құтты мекен. Біздің ортақ мақсатымыз – осы тыныштық пен өзара сыйластықты сақтау.
Қазіргі ақпараттық кеңістікте түрлі қауесеттер мен жалған ақпараттар тез тарайды. Сіздерді парасаттылық танытып, тұрмыстық немесе жеке түсініспеушіліктерді этносаралық мәселеге айналдыруға жол бермеуге шақырамыз. Арандатушылардың сөзіне ермеңіздер!
Заң талаптарын қаперге саламыз:
• ҚР Конституциясының 14-бабына сәйкес, ешкімді ұлтына, тіліне, дініне немесе басқа да жағдайларға байланысты кемсітуге болмайды.
• ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздырғаны үшін, оның ішінде әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқаны үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Құрметті жерлестер, тек ресми ақпарат көздеріне ғана сеніңіздер. Кез келген құқық бұзушылық немесе күдікті жағдай туындаса, бірден құқық қорғау органдарына (102) хабарласыңыздар.
Бірлігіміз бекем, еліміз аман болсын! Біздің күшіміз – бірлікте!
#ЖамбылОблысы #Бірлік #Татулық #Бейбітшілік #Тараз #ЗаңМенТәртіп

13 июля 2026
Жамбыл облысында суармалы инфрақұрылым жаңғыртылып, мыңдаған гектар алқап сумен қамтылады

Жамбыл облысында суармалы егіншіліктің тиімділігін арттыруға бағытталған ірі ирригациялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Өңір еліміздің оңтүстік аймақтарының бірі ретінде суармалы егіншілікке қолайлы табиғи жағдайымен ерекшеленеді. Климаттың жыл сайын құрғақшылыққа бейімделуі және трансшекаралық өзендердің суын тиімді пайдалану қажеттілігі су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғыртуды күн тәртібіндегі маңызды мәселеге айналдырды, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Осы мақсатта Жамбыл ауданында орналасқан Бескемпір, Бошмойын және Талас–Аса магистральдық каналдарында күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жобаларды мердігер мекеме – «Реал Билдинг» ЖШС іске асыруда.

Соның ішінде «Бошмойын» каналы бойынша жүзеге асырылып жатқан жоба суармалы жерлерді толық пайдалануға мүмкіндік береді. Жоба аяқталғаннан кейін қосымша 1324 гектар жер айналымға енгізіліп, суармалы алқаптың жалпы көлемі 4809 гектардан асады. Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін ұлғайтып, су пайдалану тиімділігін едәуір жақсартады.

Жоба аясында ұзындығы 21 шақырымды құрайтын тозығы жеткен науалар толық ауыстырылып, су тарату құдықтары, гидробекеттер, шаруашылықішілік каналдардың су шығару құрылғылары мен су өлшеу нысандары жөнделеді. Сонымен қатар жаңа су реттегіш қақпалар орнатылады.

Бұдан бөлек, Байзақ ауданындағы Өтеміс шаруашылықаралық каналы да қайта жаңғыртылып жатыр. Жобаны «ҚазАтакент Құрылыс» ЖШС жүзеге асыруда. Каналдың ұзындығы шамамен 28 шақырымды құрайды. Көп жылдан бері жөндеу көрмеген гидротехникалық нысандардың тозуы салдарынан су шығыны жоғары болған.

Қайта жаңғырту жұмыстары нәтижесінде каналдың техникалық жағдайы толық қалпына келтіріліп, су ысырабы азаяды. Ең бастысы, 3500 гектардан астам суармалы алқап тұрақты суару сумен қамтамасыз етіліп, өңірдегі егіншілік саласының өнімділігі артады.

Жалпы, облыста жүзеге асырылып жатқан ирригациялық жобалар су ресурстарын тиімді басқаруға, ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтуға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып саналады.

04 июня 2026
Байзақ ауданында дарынды оқушылармен «OPEN TALK» кездесуі өтті

Байзақ ауданында аудан әкімі Олжас Баққараевтың дарынды оқушылармен «OPEN TALK» атты еркін форматтағы кездесуі өтті. Тағылымды шара Сарыкемер ауылындағы Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясының мәжіліс залында ұйымдастырылды, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Кездесудің мақсаты – жастардың ой-өрісін кеңейту, олардың бастамалары мен тың идеяларын қолдау, білім мен шығармашылыққа қызығушылығын арттыру және тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау.

Жиын барысында аудан әкімі оқушылармен ашық пікір алмасып, білім мен еңбектің табысқа жетудегі маңызын атап өтті. Сондай-ақ жастарды биік мақсат қоя білуге, үздіксіз ізденуге және ауданның дамуына өз үлестерін қосуға шақырды.

Іс-шара аясында «1 минут – 1 идея» бөлімі ұйымдастырылып, оқушылар өз жобаларын таныстырды. №1 мектеп-гимназиясының оқушысы гидропоника әдісі арқылы өсімдіктерді топырақсыз өсіру жобасын ұсынып, ауыл шаруашылығындағы заманауи технологиялардың тиімділігіне тоқталды. Ал Көркем сурет балалар мектебінің 6-сынып оқушысы Рашид Айкүміс «ART Doll – шығармашылық шеберханасы» жобасын таныстырып, ұлттық өнер мен шығармашылық бағытындағы бастамаларын ортаға салды.

Кездесуде шығармашыл жастар да өз өнерлерін көрсетті. Республикалық байқаулардың жеңімпазы Боранбек Батырхан ақын Маралтай Райымбекұлының «Мұхамбетті растау» өлеңін мәнерлеп оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар республикалық байқаулардың бас жүлдегері Ахмет Каусар Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін орындап, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.

Шараның негізгі бөлігі болған «OPEN TALK» алаңында оқушылар аудан әкіміне өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ашық форматта пікір алмасты. Жастар мамандық таңдау, жетістікке жету жолдары және ауданның болашағына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.

Кездесу соңында белсенділік танытып, үздік жобаларымен ерекшеленген дарынды оқушылар мен олардың жетекші ұстаздары аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Іс-шара жастардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін қолдауға бағытталған маңызды алаңға айналды.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы