
Ұлытауға сапары барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр" екенін ерекше атап өтті. Бұл мәселеде өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру үлкен рөл атқарады. Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеуде біздің аймақтың тарихи, қасиетті және маңызды жерлеріне бару арқылы тақырыптық экскурсияларды ұйымдастырудың маңызы зор.
Тағы бір тиімді және керемет идея - ашық аспан астындағы мұражай құру. Қала аумағында бір жерді белгілеп, Жезқазған-Ұлытау өңірінің барлық тарихи көрікті жерлерінің макеттерін жинау, оны қала тұрғындары мен қонақтары үшін қол жетімді ету. Бұл кешенге экскурсия кезінде келушілер гидтің әңгімелерінен біздің өлкеміздің көрікті жерлері туралы толық ақпаратты біле алады. Биылғы жылдың маңызды жобаларының бірі болып табылатын этнопарк салу жобасының негізгі идеясы қызықты, өйткені ашық аспан астындағы музейде ұсынылған экспонаттардың әрқайсысының тағдыры туралы түсінік пен ақпаратқа ие болу үшін қаладан тыс жерлерге бармай-ақ, әр түрлі тарихи орындарға баруға болады.
Әрине, мұның бәрі оқушылар мен жастардың бойында патриотизм мен өзінің кіші отанына деген сүйіспеншілік, ата-бабаларымыз ежелден өмір сүрген жер тарихы үшін мақтаныш сезімін оятуға арналған. Биыл осы идеяны жүзеге асыру үшін қаланың шығыс бөлігінде "Керуен"мүсіндік композициясының жалғасы болатын жаңа этнопарк ашылады. Этнопарк аумағында Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл, Хан Орда, Аяққамыр, Болған ана, Ұлытау таулары, Теректі әулие петроглифтері, белгілі төрт бидің "Төрт босаға" барельефі сияқты тарихи орындар мен экспонаттардың макеттері қойылады.
Сонымен қатар, қураған ағаштардың орнына жаңа ағаштар отырғызылып, ыңғайлы саябақ орындықтары, қоқыс жәшіктері мен жарықтандыру тіректері орнатылады. Бұл жоба Қоғамдық кеңес пен қала ақсақалдар кеңесі мүшелерінің мақұлдауына ие болды.
Аталған нысанның мердігерлік ұйымы "ЖезқазғанТрансСигнал" ЖШС компаниясы болып табылады. Жұмыстардың басталуы ағымдағы жылдың мамыр айына жоспарланған.