Мектеп оқушыларына тәрбие беру әдістемелік нұсқау хатта берілген негізгі 8 бағыт, жаңа қазақстандық патриотизм мен азаматтықты тәрбиелеу, құқықтық тәрбие, рухани-адамгершілік тәрбие, ұлттық тәрбие, отбасылық тәрбие, еңбек, экономикалық және экологиялық тәрбие, интеллектуалды тәрбие, ақпараттық мәдениетті тәрбиелеу, көпмәдениеттік және көркем-эстетикалық тәрбие, дене тәрбиесі, салауатты өмір салты бағыттарында жүзеге асырылуда.
Аудандағы 25 мектепте «Адал ұрпақ» еріктілер клубтары, пікірсайыс клубтары, мектеп Парламенті құрылған, балалар өкілдігі жұмыс істейді. 17 орта мектепте Парламент құрамында 8 фракция, 6 негізгі орта мектептерінде 4 фракциядан құрылған. Ата-ана, оқушы және мұғалім байланысын нығайту мақсатында «үштік одақтың» қатысуымен аудандық семинар өткізілді.
Әр адамның өз көзкарасын, пікірін қорғай білуі, өз ойын дұрыс дәлелдей алуы – заман талабы. Оқушыларға сөз саптауды, өз ойын тыңдармандар алдында еркін әрі ашық жеткізе білуді үйрету мақсатында әртүрлі форматта аудандық пікірсайыс турнирлері өткізіліп келеді. Ақыл мен ой жарысқа түсетін мұндай пікірсайыс жастардың интелектуалдық білімін арттыруға үлес қосары сөзсіз. Пікірсайысқа қатысқан оқушылар ұшқыр ойларын дәлелдеп, облыстық пікірсайыста топ жарып, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті ұйымдастырған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған «Тәуелсіздік туымен тұғырлы, Елтаңбамен еңселі!» тақырыбындағы облыстық пікірсайыс турниріне қатысқан Х.Мұстафина атындағы мектеп-лицейінің «Дарабоз» фракциясы жүлделі ІІІ орын иеленді. Оқушыларды пікірсайысқа үйретуші мұғалімдер арасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған аудандық турнир жоғары деңгейде өткізілді.
Аудан көлемінде 2021 жылғы 1 тамыз – 30 қыркүйек аралығында әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы балаларына қолдау көрсетуге бағытталған, дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық акциясы өткізілді. Акцияның негізгі мақсаты – жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету; баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алу; жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көп балалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына нақты көмек көрсету болып табылады. Акция аясында аз қамтылған, көпбалалы отбасынан 119 оқушы кеңсе тауарларымен, 1 оқушы компьютермен, 3 оқушы ноутбукпен, 37 оқушы киім-кешекпен қамтамасыз етіліп, 6 оқушыға 125 мың теңгенің ақшалай сертификаты тапсырылды. Сонымен қатар, аудан әкімдігі тарапынан мемлекеттік мекеме басшылары және депутаттар демеушілігімен қосымша 130 оқушыға оқу құралдарын сатып алуға көмек көрсетілді.
2021-2022 оқу жылында аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 1539 бала тегін ыстық тамақпен қамтылды.
Аз қамтылған отбасы балаларын мектеп формасымен қамту мақсатында бюджеттен 31881,0 мың тенге қаражат қаралып, 1575 бала мектеп формасымен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ Семей аяқ-киім фабрикасымен келісім шарт жасалып, бюджет есебінен бөлінген 17704,0 тенге қаражатқа 1558 балатегін аяқ киіммен қамтылды.
Биылғы жылы 126 аз қамтылған отбасы балалары қала сыртындағы «Бұқаралық спортты дамыту орталығы» базасында 4 ауысымда 31.07-19.08 аралығында жазғы сауықтырумен қамтылды. Сонымен қатар 25 мектеп жанындағы сауықтыру лагерьлерінде 2489 бастауыш сынып оқушылары сауықтырылды.
Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында мектеп оқушыларымен кешенді іс-шаралар оқу жылы көлемінде жүргізіліп отырады. 2021-2022 оқу жылында «Қатыгездік пен зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» ақпараттық науқанының» бекітілген жоспары бойынша Зайсан ауданы мектептерінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Аудандағы 27 мектепте «отбасы және баланы тәрбиелеу» бойынша ата-аналар жиналысы, ата-аналар комитеті төрайымдарымен жиналыс өткізілді. Оқушылар арасында «Біз зорлық-зомбылыққа қарсымыз» тақырыбына сурет салу сайысы, «Бақытты балалық шақ» тақырыбында эссе сайыстары, «Өз құқығыңды білесің бе?» тақырыбында сауалнамалар, «Менің құқықтарым мен міндеттерім» тақырыбында буклеттер сайысы, сынып сағаттары, дөңгелек үстелдер, «Кибербуллинг» тақырыбында жиналыстар өткізілді.
Жасөспірімдерге жыныстық тәрбие беру, қыз балаларды ерте жүктіліктен сақтандыру мақсатында ауданның 25 мектебінде жыл басынан бері полиция инспекторы және білім бөлімінің әдіскерлерімен бірлескен 42 кездесу өткізілді. Кездесу барысында жасөспірімдерге лекция оқылып, пікір алмасылды. 2021 жылғы қазан айында ауданның барлық мектептерінде білім беру мекемесі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектеп психологы мен мектеп медбикесінің қатысуымен жасөспірім қыздарға арналған репродуктивті денсаулық, ерте жүктіліктен сақтану тақырыбында дөңгелек үстелдер өткізілді. Дөңгелек үстелдерде арнайы даярланған слайдтар мен бейнежазбалар көрсетіліп, пікір алмасылды.
Зайсан ауданы бойынша 2021-2022 оқу жылына әлеуметтік карта жасалған. Білім бөлімінің есебінде қолайсыз отбасыларында тәрбиеленіп жатқан 20 оқушы бар. Оның ішінде М.Әуезов, Көгедай, Қаратал мектептерінде 1 оқушыдан, М.Ломоносов мектебінде 7 оқушы, М.Дәуленов мектеп-интерантында 7 оқушы, Ю.Гагарин орта мектебінде 3 оқушы бар. Қолайсыз отбасылары мектеп әкімшілігі тарапынан үнемі бақылауда. Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия мүшелерімен бірлесіп, бекітілген кестеге сәйкес қолайсыз отбасыларына мониторинг жүргізіліп, рейд ұйымдастырылып тұрады.