GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Министрлік туралы
Байланыс ақпарат
Құжаттар
Қызметі
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Құжаттар
Онлайн қабылдау
Қызметі
Баспасөз орталығы
Все материалы
20 октября 2026
Нұржан Әміржанов Су ресурстары және ирригация министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры болып тағайындалды

Нұржан Мұратұлы Әміржанов 1986 жылы Абай облысында дүниеге келген. Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығы бойынша, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін «Қаржы» мамандығы бойынша және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2009 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің «Батыс Қазақстан су шаруашылығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында инженер-гидротехник болып бастаған.

2011-2014 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Табиғи ресурстарды пайдалану стратегиясы департаментінде және Табиғи ресурстар департаментінде сарапшы қызметін атқарған.

2014-2022 жылдары Су ресурстары комитетінің бас сарапшысы болған.

2022-2025 жылдары «Қазсушар» РМК Шығыс Қазақстан филиалының директоры қызметін атқарған.

2025 жылғы қазаннан 2026 жылғы сәуірге дейін «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру, II кезең» жобасының бірінші компоненті бойынша бас техникалық кеңесші болған.  

2026 жылғы сәуірден қазанға дейін ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің Жобалау-іздестіру жұмыстары басқармасының басшысы қызметін атқарған.       

2026 жылғы 16 қазаннан бастап ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры болып тағайындалды.

20 октября 2026
Қазақстандық су саласының мамандары Қытайдың ирригация, су ресурстарын басқару және шағын гидроэнергетика саласындағы тәжірибесін зерттеп жатыр

Қазақстандық су саласының мамандары ирригация жүйелерін жаңғыртуға, су шаруашылығында заманауи технологияларды енгізуге және шағын гидроэнергетиканы дамытуға арналған халықаралық семинарлар аясында Қытай Халық Республикасында білім алып жатыр.

Іс-шараларды Қытай Халық Республикасы Су ресурстары министрлігінің Ауылдық жерлерді электрлендіру ғылыми-зерттеу институты және Шағын гидроэнергетика жөніндегі Азия-Тынық мұхиты оқу-зерттеу орталығы (HRC) ұйымдастырған.

9-22 қыркүйек аралығында Ханчжоу қаласында «Бір белдеу - бір жол» бастамасына қатысушы елдерге арналған ирригация аудандарын салу және басқару» және «Азия елдеріне арналған ірі және орта ирригация аудандарын жаңғырту және орнықты дамыту» тақырыптарында семинарлар өтті.

14 қазанда «Бір белдеу - бір жол» бастамасына қатысушы елдерге арналған су ресурстарын басқару және экологиялық орнықты шағын гидроэнергетиканы дамыту» және «Дамушы елдерге арналған су шаруашылығы технологиялары» тақырыптарындағы семинарлар басталды. Оқу іс-шаралары 27 қазанға дейін жалғасады.

Жалпы, оқудан 25 адам өтеді. Қазақстандық мамандар Қытайдың ирригация инфрақұрылымын салу, жаңғырту және пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу, сондай-ақ ауыл шаруашылығында суды пайдалану тиімділігін арттыру бағытындағы тәжірибесін зерделеп жатыр. Ирригация аудандарын жаңғыртуға, суды есепке алу технологияларына, сорғы станцияларының жұмысына және суару жүйелерін басқаруда цифрлық шешімдерді қолдануға ерекше назар аударылып отыр.

Сонымен қатар орнықты дамуды қамтамасыз ету және су ресурстарын сақтау мақсатында шағын су электр станцияларын салу мен оларды тиімді пайдалану жөніндегі Қытай тәжірибесі де қарастырылуда.

«Бағдарлама теориялық сабақтар мен тәжірибелік нысандарға баруды қамтиды. Қатысушылар су шаруашылығы инфрақұрылымын пайдалану және жаңғырту тәжірибесімен, сондай-ақ су ресурстарын басқарудың заманауи технологияларын қолдану тәсілдерімен танысады. Семинарлар аясында ирригация жүйелерін дамыту, су үнемдеу және суды тиімді басқару мәселелері бойынша қытайлық сарапшылармен тәжірибе алмасу да ұйымдастырылды», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев.

19 октября 2026
Су ресурстары және ирригация министрлігінде үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті

Су ресурстары және ирригация министрлігінде министрдің бірінші орынбасары Нұрлан Алдамжаровтың төрағалығымен үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті.

Отырыста 2027-2040 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының жерасты суын кешенді пайдалану және басқару тұжырымдамасын әзірлеу, сондай-ақ былтыр қабылданған Су кодексінде көзделген су ресурстарын қорғау және пайдалану жөніндегі бассейндік жоспарларды әзірлеу мәселелері қаралды.

Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері талқыланған мәселелер бойынша өз пікірлерін білдіріп, су ресурстарын басқару тәсілдерін одан әрі жетілдіруге қатысты ұсыныстарын жеткізді.

«Біз үшін азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл орнату, салалық бастамаларды талқылауға сарапшылар қауымдастығын тарту, сондай-ақ су ресурстарын ұтымды пайдалану және қорғау мәселелері бойынша ашық диалогты дамыту өте маңызды. Кеңес отырыстары мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар олар су шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді қарау кезінде қоғамның ұсыныстарын ескеруге мүмкіндік береді», - деді Су ресурстары және ирригация министрінің бірінші орынбасары Нұрлан Алдамжаров.

19 октября 2026
Жамбыл облысында ирригация каналдарын тазалау көрсеткіші екі есе артты

Шаруаларға суды тұрақты жеткізу үшін «Қазсушар» РМК-ның Жамбыл облыстық филиалы ирригация каналдарын механикалық әдіспен тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. 2026 жылы 77,3 шақырым каналды тазалау жоспарланған болатын. Алайда бүгінге дейін орындалған жұмыстардың нақты көлемі 160,3 шақырымға жетті. Бұл бастапқы жоспардың 207,4 пайызына тең.

Мұндай нәтижеге, соның ішінде «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалының материалдық-техникалық базасын нығайтудың арқасында қол жеткізілді. Еске салайық, былтыр филиалға 55 арнайы техника берілген болатын. Бұл жұмыстардың өнімділігін арттыруға, сондай-ақ су шаруашылығы инфрақұрылымын күтіп ұстау және қалпына келтіру мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашты.

Айта кетейік, жыл басынан бері «Қазсушар» РМК филиалдары жалпы ұзындығы 2043 шақырымнан астам каналды механикалық әдіспен тазалады. Жыл соңына дейін тағы шамамен 200 шақырым каналды тазалау жоспарланып отыр.

Осылайша, Қазақстанда каналдарды механикалық әдіспен тазалау қарқыны артып келеді. Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылы «Қазсушар» РМК филиалдары 1840 шақырым каналды тазалаған. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 1147,6 шақырым, 2023 жылы 678 шақырым болды.

«Каналдарды жаңғырту, су ресурстарын басқарудың заманауи тәсілдерін енгізу және техникалық паркті жаңарту суды тиімді пайдалануға әрі суармалы егіншілікті тұрақты дамытуға негіз қалайды. Суару инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жалғасады. Жоспарланған жобаларды іске асыру су шаруашылығы нысандарын кезең-кезеңімен тиісті жағдайға келтіруге, сумен жабдықтау сенімділігін арттыруға және су ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы имараттарын дамыту департаментінің директоры Сағи Үтелов.

18 октября 2026
Апталық шолу

12.10

Астана

Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Аризона университеті ынтымақтастықтың жол картасын әзірлеп жатыр.

 

12.10

Астана

Польша елшісі мен Су ресурстары вице-министрі Астана оқушыларымен су үнемдеу мәдениетін талқылады.

 

13.10

Алматы облысы

Алматы облысында жалпы ұзындығы 68,5 шақырым болатын ирригация жүйелерін жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын.

 

13.10

Ақмола облысы

Ақмола облысындағы «Қазсушар» РМК филиалы елді мекендерді сумен қамтамасыз етуге 150 млн текше метрден астам су жіберді.

 

14.10

Астана

Су үнемдеу технологияларын жасайтын отандық зауыттардың саны төрттен жетіге дейін өсті.

 

14.10

Алматы облысы

Алматы облысында жыл басынан бері 173 шақырым канал тазартылды.

 

15.10

Қызылорда облысы

Қызылорда облысында көлдер мен жайылымдарды сақтау үшін «Жетікөл» каналы 26 жылдан кейін алғаш рет тазартылды.

 

15.10

Рим, Италия

Қазақстан ФАО штаб-пәтерінде өткен Рим су диалогына қатысты.

 

16.10

Қостанай облысы

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қостанай облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі ірі су шаруашылығы нысандарының жұмысымен және алдағы су тасқыны кезеңіне дайындығымен танысты.

 

16.10

Қостанай облысы

Су ресурстары және ирригация министрлігі Қостанай облысындағы алты су қоймасын реконструкциялайды.

 

17.10

Қостанай облысы

Су ресурстары және ирригация министрлігі Қостанай облысындағы «Албарбөгет» бөгетіне көпфакторлы тексеру жүргізіп жатыр.

 

 

17 октября 2026
Су ресурстары және ирригация министрлігі Қостанай облысындағы «Албарбөгет» бөгетіне көпфакторлы тексеру жүргізіп жатыр

Қостанай облысына жұмыс сапары аясында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Тобыл-Торғай бассейндік инспекциясының мамандары мен «Қазсушар» РМК-ның жергілікті филиалы өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді.

Кеңесте өңір тұрғындарымен кездесуде көтерілген мәселелер қаралды. Әсіресе судың «қара нарығына» қарсы күреске ерекше назар аударылды.

«Министрлік құрылғаннан бері бассейндік инспекциялардың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Қызметкерлер саны арттырылып, барлық облыс орталығында бөлімшелер ашылды. Инспекторлардың функцияларын кеңейтуді көздейтін жаңа Су кодексі қабылданды. Сондай-ақ құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жолға қойылды. Сондықтан өңірдегі су ресурстарына қатаң бақылау орнату қажет. Азаматтардың өтініштері де жедел қаралуға тиіс», - деді Су ресурстары және ирригация министрі.

Кеңес қорытындысы бойынша Тобыл-Торғай бассейндік су инспекциясының, «Қазсушар» РМК-ның, сондай-ақ Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты жауапты комитеттер мен департаменттердің басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Нұржан Нұржігітов «Қазсушар» РМК-ның Қостанай филиалына да барып, кәсіпорынның жұмыс орындарын аралап көрді және қызметкерлерімен әңгімелесті.

Одан кейін министр Жангелдин ауданындағы «Албарбөгет» бөгетінің жұмысымен танысты. Еске сала кетейік, биыл нысанды реконструкциялау жұмыстары жүргізілді. Жоба жақын маңдағы елді мекендерді су басудан қорғауға және мал шаруашылығын жемшөп қорымен қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазіргі уақытта «Албарбөгет» бөгетіне көпфакторлы тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша гидротехникалық құрылыстың қауіпсіздік декларациясын әзірлеу жоспарланып отыр.

Нұржан Нұржігітов Ашутасты ауылдық округінде Ашутасты су қоймасының жұмысымен де танысты. Сыйымдылығы 5 миллион текше метр болатын нысан Арқалық қаласын сумен қамтамасыз етеді. Келесі жылы су қоймасына көпфакторлы тексеру жүргізу жоспарланған.

16 октября 2026
Су ресурстары және ирригация министрлігі Қостанай облысындағы алты су қоймасын реконструкциялайды

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қостанай облысына жұмыс сапары аясында Қарабалық ауданының тұрғындарымен кездесті. Су шаруашылығы ведомствосының басшысы азаматтарға министрліктің өңірдегі су саласын дамыту бағытында атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып берді.

Көктемгі су тасқынына дайындық аясында алты гидротехникалық нысанды реконструкциялау және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қарасу ауданында ұзындығы 14,2 шақырым болатын су бұру каналының құрылысы жалғасып жатыр.

Жангелдин ауданындағы «Албарбөгет» бөгетін реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Жоба жақын маңдағы елді мекендерді су басудан қорғауға және мал шаруашылығын жемшөппен қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар Су шаруашылығы комитеті алты су қоймасын реконструкциялау жобаларын әзірлеп жатыр. Олардың қатарында өңірдегі ең ірі Жоғарғы Тобыл және Қаратомар су қоймалары бар.

Бұдан бөлек, осы екі нысанда автоматтандырылған бақылаудың пилоттық жүйесі енгізіліп жатыр. Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жоба су қоймаларының техникалық жай-күйін бақылауға және су тасқыны кезінде қажетті шараларды уақытылы қабылдауға бағытталған.

Елді мекендерді су басудан қорғау үшін төрт су қоймасында жергілікті хабарлау жүйелері орнатылды. Сонымен қатар жақын уақытта Тобыл, Шортанды және Торғай өзендерінің жекелеген учаскелерін тазалау жоспарланып отыр.

«Біздің мақсатымыз – су тасқынының салдарын жоюға ғана емес, оның алдын алуға да бағытталған орнықты жүйе қалыптастыру. Ол үшін басталған жобаларды уақытылы аяқтау, гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін тұрақты бақылау және әрбір нысанның тиісті деңгейде пайдаланылуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл жұмыстардың түпкі нәтижесі – елді мекендер мен жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ өңірдің су шаруашылығы инфрақұрылымының сенімділігін арттыру. Осы міндеттерді орындау үшін орталық және жергілікті атқарушы органдардың, бассейндік су инспекциясының, «Қазсушар» РМК-ның және су пайдаланушылардың үйлесімді жұмысы маңызды», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Кездесу барысында Қарабалық ауданының тұрғындары министрге Тоғызақ өзенінің арнасын тереңдету, су қорғау аймақтарын белгілеу және су құбырларын реконструкциялау мәселелері бойынша сұрақтар қойды. Бұдан кейін Нұржан Нұржігітов азаматтарды жеке қабылдап, онда жерасты суын игеру және суару мақсатында пайдалану, сондай-ақ арнайы су пайдалануға рұқсат алу мәселелері жөніндегі сұрақтарға жауап берді. Кездесу қорытындысы бойынша жауапты комитеттер мен департаменттердің басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

16 октября 2026
Су ресурстары және ирригация министрі Қостанай облысындағы ірі су қоймаларының су тасқыны кезеңіне дайындығын тексерді

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қостанай облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі ірі су шаруашылығы нысандарының жұмысымен және алдағы су тасқыны кезеңіне дайындығымен танысты.

Тобыл қаласында Нұржан Нұржігітов Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловпен бірге елді мекенді тасқын судан қорғауға арналған бөгетке барды. Былтыр нысанда күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған. Жұмыс барысында су өткізу құбырлары орнатылып, құбырлар мен бетон алаңдарға гидрооқшаулау жұмыстары жүргізілді.

Жобаны іске асыру нәтижесінде Тобыл қаласындағы 3 500-ге дейін тұрғын үйді, әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындарды су басудан қорғауға мүмкіндік туды.

Одан кейін министр Рудный қаласындағы Қаратомар су қоймасына барды. Сыйымдылығы 586 млн текше метрге дейін жететін бұл нысан жергілікті тұрғындарды, сондай-ақ өңірдің ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібін сумен қамтамасыз етеді.

Қазіргі уақытта су қоймасындағы су көлемі оның жалпы сыйымдылығының 67%-ын құрайды. Нысанда 391,2 млн текше метр су жиналған. Биыл су қоймасында су қақпаларын жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қаратомар су қоймасында болған кезде Нұржан Нұржігітов «Қазсушар» РМК Қостанай филиалының мамандарымен кездесті. Ол Су ресурстары және ирригация министрлігі кәсіпорын қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған шараларды жыл сайын жүзеге асырып келе жатқанын атап өтті.

«2024 жылдан бастап «Қазсушар» РМК қызметкерлерінің жалақысын жыл сайын көтеріп келеміз. Екі жыл ішінде кәсіпорындағы орташа жалақы мөлшері екі еседен астам өсті. Биыл механизаторлардың жалақысы да көтерілді. Олардың іссапар шығындары да өтеледі. Бұдан бөлек, гидротехникалық құрылыстарды салу, реконструкциялау және тазалау жұмыстарын тиімді жүргізу үшін барлық филиал жыл сайын жаңа арнайы техникамен қамтамасыз етіледі», – деді Су ресурстары және ирригация министрі.

Лисаков қаласында министр су шаруашылығы саласындағы ведомствоға қарасты Жоғарғы Тобыл су қоймасының жұмысымен танысты. Сыйымдылығы 816,6 млн текше метрге дейін жететін нысанның қазіргі толу деңгейі 73%-ды құрайды. Су қоймасында 592,2 млн текше метр су жиналған. Биыл мұнда жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жоғарғы Тобыл су қоймасын аралағанда министр «Қазсушар» РМК-ның жас мамандарымен әңгімелесіп, елімізде су саласының кадрлық әлеуетін арттыру бағытында жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы айтты.

«Мемлекет басшысы су саласының кадрлық әлеуетін дамытудың маңызын бірнеше рет атап өтті. Осы мақсатта біз салаға жас мамандарды тарту бағытында кешенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мәселен, су мамандықтары бойынша оқуға түсетін талапкерлерге арналған білім беру гранттарының саны артып келеді. Сонымен қатар «Қазсушар» РМК нысандарында өндірістік тәжірибеден өтетін студенттердің саны да көбейіп жатыр. Бұдан бөлек, Қытай мен Венгрияның жоғары оқу орындарымен қос дипломды білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда. Министрлік құрылғаннан бері қазақстандық су саласының мамандары шетелде тағылымдамадан өтіп, біліктілігін арттыру курстарына қатысып келеді. Қазіргі уақытта шетелде шамамен 500 адам білім алды», – деді министр Нұржан Нұржігітов.

15 октября 2026
Қазақстан мен ФАО су ресурстары саласындағы әріптестік бағдарламасын әзірлеу мәселесін талқылады

Су ресурстары және ирригация вице-министрі Арсен Жақанбаев Рим қаласына жасаған жұмыс сапары аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) басшылығының өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізді.

ФАО-ның Ресурстарды жұмылдыру департаментінің директоры Александр Джонспен, ФАО Бас директорының орынбасары, Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік өкілі әрі ФАО-ның Қазақстандағы өкілінің міндетін атқарушы Виорел Гуцумен, сондай-ақ ФАО-ның Жер және су ресурстары департаментінің директоры Лифэн Лимен өткен кездесулерде тараптар су ресурстарын тұрақты басқару және ирригация саласындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.

Кездесулердегі негізгі мәселелердің бірі – су ресурстарын басқару және ирригация саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық басымдықтарын айқындауға әрі су шаруашылығы саласында бірлескен жобалар әзірлеуге бағытталған Қазақстан – ФАО әріптестік бағдарламасын әзірлеу болды.

Атап айтқанда, тараптар бірлескен бастамаларды іске асыру үшін ресурстар тарту мүмкіндіктерін, бағдарламаның техникалық бағыттарын одан әрі пысықтауды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі мен ФАО-ның тиісті бөлімшелері арасындағы өзара іс-қимылдың практикалық тетіктерін қарастырды.

Өткізілген кездесулер тараптардың әріптестікті одан әрі нығайтуға және ынтымақтастықтың практикалық бағыттарын жүйелі түрде пысықтауға өзара мүдделі екенін растады.

«Біз Қазақстан – ФАО әріптестік бағдарламасын су ресурстарын басқарудың заманауи тәсілдерін енгізудің, су үнемдеу технологияларын дамытудың және су саласын цифрландырудың маңызды құралы ретінде қарастырамыз. Ынтымақтастығымызды одан әрі нығайту Қазақстанда суды пайдалану тиімділігін арттыруға және су шаруашылығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған практикалық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беретініне сенімдіміз», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Арсен Жақанбаев.

15 октября 2026
Қазақстан ФАО штаб-пәтерінде өткен Рим су диалогына қатысты

Су ресурстары және ирригация вице-министрі Арсен Жақанбаев 2026 жылғы 14 қазанда Рим қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) штаб-пәтерінде өткен Рим су диалогына қатысты.

Іс-шараға ФАО-ның Бас директоры Цюй Дунъюй, БҰҰ Бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ли Цзюньхуа, Тәжікстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрі, Түркия Республикасының ауыл және орман шаруашылығы министрі, сондай-ақ бірқатар ел мен халықаралық ұйымдардың министрлері мен жоғары лауазымды өкілдері қатысты.

«Су ресурстарына қатысты құқықтар жөніндегі жаһандық диалог: азық-түлік және су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін су ресурстарын инновациялық басқару» атты жоғары деңгейдегі пленарлық отырыс аясында қатысушылар су ресурстарына қатысты құқықтарды ұлттық жағдайларға бейімдеп іске асыру, су ресурстарын басқару жүйелерін жетілдіру, сондай-ақ су және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін суды неғұрлым әділ, ашық әрі тұрақты бөлу мәселелерін талқылады.

Вице-министр өз сөзінде климаттың өзгеруі мен су тапшылығының күшеюі жағдайында су ресурстарын тиімді басқарудың маңызына ерекше назар аударды.

«Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да елдері климаттың өзгеруінің салдарын қазірдің өзінде сезініп отыр. Гидрологиялық режимнің өзгеруі, өзендердің суының азаюы, құрғақшылық пен су тасқынының жиілеуі бізден уақытылы әрі жүйелі шаралар қабылдауды талап етеді. Осыған байланысты су саласын дамыту – Қазақстанның мемлекеттік саясатындағы негізгі басым бағыттардың бірі», - деді ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Арсен Жақанбаев.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы