Су ресурстары және ирригация министрлігінің өткен аптадағы жаңалықтарына шолу

Су ресурстары және ирригация министрлігінің өткен аптадағы  жаңалықтарына шолу

09.04
Астана
Мемлекет басшысы Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген жаңа Су кодексіне қол қойды.
Жаңа кодексте алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы енгізілді. Ол азаматтар мен экономиканы су тапшылығынан және су объектілерінің ластануынан қорғауды, сондай-ақ елдің трансшекаралық суларды қорғау және пайдалану саласындағы мүдделерін қорғауды қамтиды.

10.04
Астана
Астанада су саласын дамыту бойынша серіктестердің Үйлестіру кеңесінің II отырысы өтті. Отырыс аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі, оған ведомстволық қарасты ұйымдар және бірқатар халықаралық серіктес арасындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі бес құжатқа қол қою рәсімі өтті.

07.04
Өзбекстан
2025 жылдың суару маусымында Қазақстан Сырдария өзенінен шамамен 3,7 млрд текше метр су алады. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстандағы әріптестерімен Халықаралық су шаруашылығы үйлестіру комиссиясының 89-шы отырысында келісті.

09.04
Түркістан облысы
5 жылда алғаш рет Түркістан облысының Созақ ауданына 1 млрд 380 млн текше метр су түсті. Бұл былтырмен салыстырғанда 300 миллионға көп.

10.04
ҚХР
Қытай Халық Республикасында қазақстандық 30 су маманынан тұратын алғашқы топ біліктілікті арттыру курсынан өтуді бастады. Алдағы уақытта Қытайға 25 адамнан тұратын тағы үш топ жіберіледі. Көрші елде екі апталық біліктілікті арттыру курстарынан су саласының 105 маманы өтеді.

11.04
Астана
БҰҰ Даму бағдарламасының су ресурстарын басқару жөніндегі халықаралық кеңесшісі Хьюберт Лор жаңа Су кодексіне жоғары баға берді. Сарапшының пікірінше, құжат су инфрақұрылымын дамытумен шектелмей, экологияға да үлкен мән береді.