
03.04.
Түркістан облысы
Түркістан облысының Созақ ауданына 1,3 млрд текше метр су жіберілді. Қазіргі таңда су аудан шекарасынан 80 шақырым ішке қарай таралып жатыр. Су ресурстары және ирригация министрлігі жыл соңына дейін тағы 44 млн текше метр су жіберуді жоспарлап отыр.
02.04.
Астана
Су ресурстары және ирригация министрлігі су тасқынымен бірлесіп күресу үшін қытайлық әріптестерімен трансшекаралық өзендер бойынша ақпарат алмасуда. Тараптар бір-біріне су тасқыны, мұз қозғалысы мен құбылыстары туралы ақпарат беруге міндетті. Іле өзеніндегі «Саньдаохэцзы», Ертіс өзеніндегі «Наньвань» және Текес өзеніндегі «Текес» су бекеттерінде бақылау жүргізіледі.
02.04.
Павлодар облысы
Павлодар облысының «Қазсушар» филиалының нысандарында су басу қаупі жоқ. Былтыр күзде тасқын судың қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін филиал Ертіс бассейндік инспекциясы және ТЖД-мен бірлесіп, өз иеліктеріндегі гидротехникалық құрылыстарға тексеріс жүргізді. Бұдан бөлек, Шідерті магистральдық каналында бөгет салу және нығайту, Шідерті су құбыры трактісінде түбін тереңдету жұмыстары жүргізілді.
02.04.
ШҚО
Шығыс Қазақстан облысындағы Оба өзенінде салынатын гидроэлектростанция каскады ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстарының тізіміне енді. ГЭС каскадын салу су тасқыны қаупін азайтады, өңірдің елді мекендерін қорғау үшін тасқын суларды сенімді бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ азаматтарды және өнеркәсіптік нысандарды сумен жабдықтау үшін жалпы сыйымдылығы 500 млн текше метрге дейінгі резервуарлар кешені құруға мүмкіндік береді.
31.03.
СҚО
Су тасқынына дайындық аясында Сергеев және Петропавл су тораптары жөндеуден өтті. Сонымен қатар, осы жылдың қаңтарында Сергеев су торабы бөгетінің жанында түбін тереңдету жұмыстары жүргізіліп, 940 текше метр топырақ алынды. Сондай-ақ, Есіл өзенінің табиғи арнасын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.