
Жаңа Су кодексінде су тасқыны мен құрғақшылыққа қарсы күресте мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың міндеттері айқындалды
Су ресурстары және ирригация министрлігі сарапшылар және Парламент депутаттарымен бірлесіп әзірлеген жаңа Су кодексінің жобасы су тасқыны мен құрғақшылыққа қарсы күрес кезінде мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін нақты ажыратуды көздейді.
Атап айтқанда, Су ресурстары және ирригация министрлігі бассейндік су инспекциялары арқылы тасқын суды өткізу және қабылдау кезінде гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі мен жұмыс режимін бақылайды. Сонымен қатар, министрлік тасқынды су айдындарына жіберуді қамтамасыз етуі тиіс.
Өз кезегінде су шаруашылығы және гидротехникалық құрылыстардың иелері өздеріне тиесілі нысандардың жай-күйіне тұрақты талдау жүргізіп, оларды тексеріп, апатпен күресу үшін резерв дайындап, дабыл, жергілікті хабарландыру жүйесін үнемі әзірлікте ұстауы тиіс.
Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқыны мен су тасқынынан туындаған төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою жұмысын жүзеге асырады.
Жергілікті атқарушы органдар тасқын және еріген қар суының алдын алу және одан қорғауға бағытталған іс-шараларды іске асырады. Елді мекендерді, өнеркәсіптік объектілерді, ауыл шаруашылығы алқаптарын және көлік инфрақұрылымын тасқын және еріген қар суынан қорғау үшін жерүсті су нысандарына санация (тазарту және тереңдету) жүргізеді.
Бұдан бөлек, олар бассейндік жоспарлардың қорытындыларын ескере отырып, су тасқыны мен құрғақшылықтан қорғау үшін ағаш-тал отырғызу, сондай-ақ су тасқынының алдын алуға және қорғауға бағытталған өзге де іс-шараларды іске асырады.
Бұл ретте Экология және табиғи ресурстар министрлігі де орман екпелерін отырғызады, бірақ бұл жұмысты ведомствоның қарамағындағы аумақтарда ғана жүзеге асырады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі құрғақшылықтың алдын алу үшін ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану және дақылдардың құрғақшылыққа төзімді нақты түрлерін өсіру бойынша ұсыныстарды бекітеді.
Жаңа Су кодексінің жобасын Парламент Мәжілісінің депутаттары екінші оқылымда қабылдады. Құжат Сенатта қарастырылуда.