Су ресурстары және ирригация министрлігінің өткен аптадағы жаңалықтарға шолу

Су ресурстары және ирригация министрлігінің өткен аптадағы  жаңалықтарға шолу

10.12.
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ
Су ресурстары және ирригация министрлігі Тасөткел және Теріс-Ащыбұлақ су қоймаларын 100% суға толтыруды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда Тасөткел су қоймасы 70,5%-ға толы. Ал, Теріс-Ащыбұлақ су қоймасына 36 млн текше метрге жуық су жиналды.

11.12.
АСТАНА
Су саласының мамандары «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ пен Австралияда білім алады. Қазақстандық сушыларға шетелде оқуға мүмкіндік жасау үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігімен келісім жасады.
ЕСКЕ САЛСАҚ: Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасы бойынша биыл «Болашақ» бағдарламасына «Гидрогеология», «Су ресурстары» секілді оқу бағдарламалары қосылған болатын. Осының нәтижесінде, қазақстандықтар аталған мамандықтар бойынша шетелде білім алу мүмкіндігіне ие болды.

12.12.
АСТАНА
Енді су үнемдейтін технологияларды пайдаланатын дихандар суармалы суға аз төлейді. Су үнемдейтін жүйелерге көшкен шаруалар үшін субсидия мөлшері 85%-ға дейін ұлғайтылды.
НӘТИЖЕ: Бұл шаруаларды су үнемдеу технологияларын белсенді енгізуге ынталандыруға бағытталған шара. Қазіргі заманғы суару жүйелеріне көшу шамамен 20-30% су үнемдеуге және 2030 жылға қарай еліміздегі егіс алқаптарын 1,3 млн гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

13.12.
АСТАНА
Қазақстанда су тасқынын болжауға және модельдеуге мүмкіндік беретін «Tasqyn» ақпараттық жүйесі әзірленуде. Жүйе төтенше жағдайлардың алдын алуға және стратегиялық шешімдер қабылдау үшін тиісті болжамдар жасауға мүмкіндік береді.
АЙТА КЕТСЕК: Бүгінгі таңда су тасқынын болжау және модельдеу әдістемесі әзірленіп, бекітілді. «Tasqyn» ақпараттық жүйесін осы жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр.

09.12.
АСТАНА
Жыл басынан Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ішкі аудит департаменті жүргізген тексеріс нәтижесінде 29 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасы бойынша Ішкі аудит департаменті 9 айда 11 мекемеге аудиторлық тексеру жүргізді.
МАҢЫЗДЫ: Бұл жұмыстар судың «көлеңкелі» нарығымен, су саласындағы заңсыз әрекеттермен күресу және тәртіп пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылуда. Аудит қорытындысы бойынша анықталған барлық заң бұзушылықтарға қатысты материалдар Бас прокуратураға жолданды.

11.12.
ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ
Қарағанды облысы бойынша «Қазсушар» филиалы Жартас су қоймасының бетон және жер бөгетінің жоғарғы беткейін ұлғайту және нығайту жұмыстарын аяқтады. Сондай-ақ, су қоймасын тұнба мен өсімдіктерден тазартты.

09.12.
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ
Жамбыл облысы бойынша «Қазсушар» филиалы 11 су торабы мен 1 су қоймасында ағымдағы жөндеуді аяқтады. Су өлшегіш бекеттер қалпына келтірілді, электр қозғалтқыштары, көтергіш ысырмалардың кабельдері жөнделді. Бұл нысандардың қауіпсіздігін арттыруға және тасқын судан қорғауға мүмкіндік береді.