Су ресурстары және ирригация министрлігінің өткен аптадағы жаңалықтар шолу

Су ресурстары және ирригация министрлігінің өткен аптадағы  жаңалықтар шолу

15.10.
ТАШКЕНТ
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Ташкентте өткен Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан су шаруашылығы және энергетика ведомстволары басшыларының кездесуіне қатысты. Отырыста өңірдегі су-энергетикалық ынтымақтастық мәселелері және Тоқтағұл су қоймасының алдын ала жұмыс кестесі қаралды.

18.10.
АСТАНА
Нұржан Нұржігітов Эгей университетінің өкілі Мұрат Кылычпен кездесіп, тәжірибе алмасу және ынтымақтастықтың басқа да бағыттарын талқылады.
Министр Эгей университетінің өкілдеріне тәжірибе алмасу және маман даярлау бойынша бірлескен пилоттық жобаны іске асыруды ұсынды.

14.10.
АСТАНА
Қазақстанда суару маусымы аяқталды. Су ресурстары және ирригация министрлігі шаруаларға 11,2 млрд текше метрге жуық су берді.
МАҢЫЗДЫ: Су тұтыну көлемі бойынша көш басында - Қызылорда облысы. Өңірдің дихандарына 3,7 млрд текше метр су берілді. Түркістан облысының шаруалары 3,4 млрд текше метр су алды. Жетісу облысының дихандарына 1,37 млрд текше метр су берілсе, Алматы облысының шаруалары 1,57 млрд текше метр су пайдаланды.

16.10.
СҚО
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Қазсушар» филиалы су тасқынына дайындық аясында Петропавл және Сергеев су тораптарында жағалау нығайту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда 1423 м3 ірі габаритті тас әкелінді. Сондай-ақ, Сергеев су торабының төменгі бьефінің нығайту жұмыстарының екінші кезеңі басталды.

16.10.
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ
Түркістан облысы бойынша «Қазсушар» филиалы Мақтаарал ауданындағы К-18 каналында механикалық тазарту жұмысын жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда жалпы ұзындығы 190 шақырым болатын каналдың 44 шақырымы тазартылды.

18.10.
ШҚО
Су тасқыны кезеңіне дайындық аясында Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Қазсушар» филиалы Жарма ауданындағы Шар су қоймасының бөгетін бетондап жатыр. Құрылыс жұмыстарына 16 адам мен 6 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.

17.10.
АСТАНА
Иесіз қалған 7 гидротехникалық құрылыс жыл басынан бері мемлекет меншігіне қабылданды. Оның 4-і Қарағанды, 2–і Алматы және 1–і Павлодар облысында.

18.10.
АСТАНА
Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы жаңартылды. Тұжырымдамаға су тасқынын болжау мен модельдеуді жетілдіру, кадрлық әлеуетті арттыру, сондай-ақ тиісті инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тармақтар қосылды.
МАҢЫЗДЫ: Тұжырымдамада жаңадан 42 су қоймасын салу, 37 су қоймасын реконструкциялау және 14 мың шақырымнан астам суару каналдарын жаңғырту көзделеді. Бұл су тасымалдау кезінде өнімсіз шығындарды 50%-дан 25%-ға дейін азайтуға, суармалы жерлердің ауданын 2,5 млн гектарға дейін, ал қолда бар су ресурстарының көлемін 2,6 млрд текше метрге ұлғайтуға мүмкіндік береді.

17.10.
АСТАНА
Жаңа Су кодексінің жобасына наурыз айынан бері 500-ден астам түзету енгізілді. Бүгінгі таңда Мәжіліс Үкіметтің қорытындысын алу үшін Су кодексіне 115 түзету және ілеспе заң жобасы бойынша 6 түзету жіберді. Бұдан бөлек, 5 кодекс, 9 заң және 28 нормативтік құқықтық акті жаңа Су кодексіне сәйкестендірілді.

14.10.
АСТАНА
Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Қазсушар» кәсіпорынында 67 сушылар әулеті жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі - 25 әулет Қ.Сәтпаев атындағы каналда еңбек етеді. Жамбыл облыстық филиалда - 19, Түркістан облыстық филиалда - 8, Жетісу облысында - 6, Қызылордада - 3 және Ақтөбе облысында - 2 сушылар әулеті бар. Батыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында сушылардың 1 әулетінен бар.