
09.10.
Қызылорда облысы
Соңғы 5 жылда алғаш рет вегетация кезінде Аралға су жіберу жоспары 100%-ға жуық орындалды. Су ресурстары және ирригация министрлігі биыл вегетация кезінде Арал теңізіне 977 млн текше метр су жіберді. Бұл жоспарланған көлемнің 98%-ы.
МАҢЫЗДЫ: Соңғы бірнеше жылда суару маусымында теңізге 350-400 млн текше метрдің айналасында ғана су жіберіліп келген болатын. Ал, жыл басынан бері Аралға 2 млрд текше метрден астам су түсті. Министрлік жыл соңына дейін тағы 500 млн текше метр су жіберуді жоспарлап отыр.
11.10.
Астана
Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» филиалдарын 757 жаңа техника және арнайы жабдықпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Оның ішінде шынжыр табанды техника, эксковаторлар, ауыр жүк көліктері мен тракторлар бар. Бұдан бөлек, жаңадан 8 жерснаряд алынады.
МАҢЫЗДЫ: Ауқымды техника жаңарту жұмысы Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Өнеркәсіпті дамыту қорының бірлескен жобасы аясында жүзеге асырылуда. Министрлік алдағы бірнеше жылда су шаруашылығы техникаларының 65-70%-ын жаңартуға ниетті.
10.10.
Алматы облысы
Су ресурстары және ирригация министрлігі Алматы облысындағы «Қазсушар» филиалында су ресурстарын заңсыз және тиімсіз пайдалану, мемлекеттік сатып алуға байланысты заң бұзушылықтарды анықтады. Материалдар уәкілетті органдарға жіберілді.
МАҢЫЗДЫ: Министр Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасы бойынша ведомство су ресурстарын басқарудағы заң бұзушылықтармен, судың «көлеңкелі» нарығымен және су саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қарсы күресті жалғастырып жатыр. Еске сала кетейік, осыған дейін Жоғары аудиторлық палата мен Су ресурстары және ирригация министрлігі бірлесіп жүргізген тексерістердің қорытындысы бойынша «Қазсушар» кәсіпорынының басшы лауазымындағы 5 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылған болатын. Ал, Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ішкі аудит департаменті Жамбыл облысында суды заңсыз пайдаланудың 10 фактісін анықтады. Бүгінгі таңда филиал басшысы қызметінен босатылды.
08.10
Қызылорда облысы
Қызылорда облысы бойынша «Қазсушар» филиалы биыл суару маусымында шаруаларға 3,7 млрд текше метр су берді. Көктемде мекеме 965 су пайдаланушымен 127 мың гектар егіс алқабын сумен қамтамасыз ету жөнінде келісімшартқа отырды. Оның ішінде 84,2 мың гектары - күріш алқабы.