Астана су қоймасын тазалау және Қызылорда облысында су торабын салу: Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов азаматтарды қабылдады

Астана су қоймасын тазалау және Қызылорда облысында су торабын салу: Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов азаматтарды қабылдады

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов «AMANAT» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдады.

Ақмола облысының тұрғындары министрге Астана су қоймасын тазалау жөнінде өтініш жасады. Нұржан Нұржігітов қазіргі уақытта су қоймасын тұнбадан тазарту үшін тұрақты түрде пайдалануға болатын жерснаряд – арнайы кеме құрастырылғанын хабарлады.

Кездесуде көтерілген тағы бір мәселе – Ақмола облысының Шортанды ауданындағы Дамса бөгетінің шлюздерін жөндеу және Қалқұтан өзенін тазарту. Нұржан Нұржігітов Су ресурстары және ирригация министрлігі жергілікті атқарушы органдарға қолдау көрсететінін, ал жұмыстар жақын арада басталуы керек екенін айтты.

Қызылорда облысының тұрғындары болса Сырдария ауданы Аманөткел ауылында су торабын салу туралы өтініш білдірді.

«Қазір біз Дүниежүзілік банкпен бірге Солтүстік Аралды қалпына келтіру жобасының екінші кезеңіне дайындалып жатырмыз. Жобада Сырдария өзенінде кешенді гидротехникалық құрылыстар, оның ішінде Аманөткел ауылында су торабын салу көзделген», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Бұдан бөлек, азаматтарды қабылдауда су үнемдеу технологияларын енгізуді субсидиялау және Қостанай облысының су шаруашылығы нысандарын жөндеу секілді мәселелер көтерілді.