АПТАЛЫҚ ШОЛУ

АПТАЛЫҚ ШОЛУ

18.09.
АСТАНА
Астанада Қазақстанның төрағалығымен Халықаралық Аралды құтқару Қоры Басқармасының бірінші отырысы өтті. Тараптар екі ауқымды жоба: Арал теңізі бассейні елдеріне көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасы мен «жасыл» экономика қағидаттарын дамытуға және климаттың өзгеруіне бейімделуге бағытталған Орталық Азиядағы орнықты даму үшін қоршаған ортаны қорғау жөніндегі өңірлік бағдарламаны талқылады.
МАҢЫЗДЫ: Отырыста Қазақстанның Халықаралық Аралды құтқару Қорына төрағалық ету кезеңіне арналған Атқару комитетінің жұмыс жоспары бекітілді. Жоспар құрылтайшы мемлекеттердің басшылары мен ХАҚҚ Президентінің тапсырмаларын іске асыруды және басқа да өңірлік және халықаралық іс-шараларды ұйымдастыруды, өткізуді және оларға қатысуды қамтиды.

18.09.
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ
2024 жылдың басынан Солтүстік Арал теңізіне 1,9 млрд текше метр су жіберілді. Осылайша, бүгінде Солтүстік Аралдағы жалпы су көлемі 22 млрд текше метрге жетті.
МАҢЫЗДЫ: Биыл суару кезеңінің ортасында Сырдария өзені арқылы теңізге секундына 80 текше метрге дейін су жіберілді. Салыстырмалы түрде, бір жыл бұрын секундына 6 текше метр ғана барған болатын. Айта кетейік, Сырдария өзені ағынының 75%–ы Қырғызстанда, 20%–ы Өзбекстанда және 5%-ы Қазақстанда қалыптасады.

18.09.
АСТАНА
Халықаралық Аралды құтқару Қоры Басқармасының қатысушы мемлекеттері бірлескен 6 шешімге қол қойды.

18.09.
АСТАНА
Орталық Азия мемлекеттерінің су ведомстволары ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмысын жоғары бағалады.

16.09.
АСТАНА
Нұржан Нұржігітов Азия және Тынық мұхиты өңіріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссияның Атқарушы хатшысы Армида Алишахбана бастаған БҰҰ делегациясымен кездесті. Тараптар су саласын цифрландыру бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
МАҢЫЗДЫ: Армида Алишахбана министрліктің су ресурстарын дамыту және қорғау, сондай-ақ Арал теңізін қалпына келтіру жобаларын жоғары бағалады.

16.09.
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ
Министрлік жүргізген аудит қорытындысы бойынша Жамбыл облысы бойынша «Қазсушар» филиалының директоры мен Аса өндірістік аймағының басшысы қызметінен босатылды. Бұдан бөлек, филиал директорының орынбасары мен Қордай, Байзақ, Меркі өндірістік аймақтарының басшылары қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
МАҢЫЗДЫ: Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасы бойынша министрліктің Ішкі аудит департаменті Жамбыл облысы бойынша «Қазсушар» филиалына тексеріс жүргізген болатын. Бұл жұмыстар судың «көлеңкелі» нарығымен, су саласындағы заңсыз әрекеттермен күресу және тәртіп пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылуда.

20.09.
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ
Ақмола облысы бойынша «Қазсушар» филиалы Астана су қоймасына жер снарядтарын түсірді. Бұл су қоймасының түбін түрлі шөгінділерден тазартуға арналған арнайы кеме.
МАҢЫЗДЫ: Астана су қоймасының түбін тазарту нысанның экологиялық жағдайын жақсартуға және қосымша бос орын есебінен сақталатын судың көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Тазалау жұмыстарын келесі жылдан бастап жыл сайын жүргізу жоспарланып отыр.

18.09.
АСТАНА
5 кодекс, 9 заң және 28 нормативтік-құқықтық акті жаңа Су кодексіне сәйкестендіріледі. Су ресурстары және ирригация министрлігі жаңа Су кодексінің жобасын әзірлеп, Парламент Мәжілісіне енгізді.