
Астанада Қазақстанның төрағалығымен Халықаралық Аралды құтқару Қоры Басқармасының отырысы өтті. Жиынға Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және бақылаушы ретінде Қырғызстан делегациялары қатысты.
Отырысқа қатысушылар Қазақстанның Халықаралық Аралды құтқару Қорының төрағасы ретіндегі жұмысын жоғары бағалап, Астанада өткен басқосу нәтижелі болғанын атап өтті. Тараптар бірқатар мәселелер бойынша ортақ келісімге келіп, ХАҚҚ Атқару комитетінің 2024-2026 жылдарға арналған жұмыс жоспарын бекітті.
Сондай-ақ, қонақтар Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігі жүргізіп жатқан жұмыстың маңыздылығын атап өтті.
«Су ресурстарын басқарумен айналысатын жеке министрлік құрылғаннан кейін Қазақстан ел ішінде де, өңірлік және халықаралық деңгейде де жақсы жұмыс істеп, өзара іс-қимылды ұйымдастырып, ұзақ жылдар бойы қордаланған мәселелерді шеше бастады. Себебі, бұл министрлікте өңірлік су мәселелерін білетін өте білікті мамандар жұмыс істейді. Бұл бізге екіжақты және өңірлік су мәселелерін өзара тиімді шешуге мүмкіндік береді»,- деді Тәжікстанның Энергетика және су ресурстары министрлігінің Су-энергетикалық саясат, ғылым мен техниканы дамыту бас басқармасының басшысы Далер Абдуразокзода.