
13.09.
АСТАНА
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Еуропа мен Орталық Азиядағы су ресурстарын басқарудың жаһандық практикасы жетекшісі Уинстон Ю бастаған Дүниежүзілік банк өкілдерімен кездесті.
МАҢЫЗДЫ: Мемлекет басшысы елімізге инвесторларды тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізуді тапсырған болатын. Дүниежүзілік банк өкілдері Қазақстанға өңірлік бағдарламаны әзірлеуге қатысуды ұсынды, оның шеңберінде Орталық Азияның барлық мемлекеттерінде ұқсас жобалар іске асырылатын болады. Мұндай жоба аясында ирригация және дренаж жүйелерін жаңғырту бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға болатынын атап өтті.
11.09.
АСТАНА
Нұржан Нұржігітов Францияның Қазақстандағы даму агенттігінің (AFD) өкілдерімен кездесті. Тараптар Іле-Балқаш бассейнін бірлесіп зерттеу және басқа да жобалар аясында одан әрі ынтымақтастықты нығайту және іске асыру мәселелерін талқылады.
МАҢЫЗДЫ: Министрлік AFD және BRGM (Францияның геологиялық қызметі) сарапшыларына зерттеу үшін қажет деректермен бөлісті. Сонымен қатар, министр француз тарапына жерасты суларын зерттеу және мамандардың біліктілігін арттыру саласындағы ынтымақтастықты қарастыруды ұсынды.
10.09.
АСТАНА
Нұржан Нұржігітов Араб үйлестіру тобының өкілдері – Сауд Даму Қорының (SFD) бас директоры Сұлтан Абдулрахман әл-Маршади және ОПЕК қорының президенті, доктор Абдулхамид Алхалифамен екіжақты кездесу өткізді.
МАҢЫЗДЫ: Министр шетелдік инвесторларға Су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында көзделген су шаруашылығы нысандарын салу және реконструкциялау жобаларына қатысуға шақырды. Тараптар талқылауды бірлескен жұмыс топтары шеңберінде жалғастыруға келісті.
11.09.
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ
Алматы облысындағы Бартоғай су қоймасы биыл 300 млн текше метрге жуық су жинады. Қазір мұнда 185 млн текше метр су бар. Бүгінгі таңда шаруалардың сұранысы бойынша су қоймасынан секундына 86 текше метр су жіберілуде.
МАҢЫЗДЫ: Төменге тасталған су Үлкен Алматы каналы арқылы Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарының 85 мың гектардан астам жерін суаруға пайдаланылады. Суару маусымы басталғалы Бартоғай су қоймасынан дихандарға 625 млн текше метр су жіберілді.
09.09.
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ
Алматы облысы, Балқаш ауданының шаруалары күріш жинауға дайындалып жатыр. Ауа-райына байланысты дихандар күрішті ерте отырғызып, су мол келгендіктен өнімділік артқан.
МАҢЫЗДЫ: Балқаш ауданында 30 мың гектардан астам жер суарылады. Биыл оның 7,2 мың гектарына күріш егілген. Айта кету керек, суару маусымында «Қапшағай» су қоймасынан аудан шаруаларына 510 млн текше метр су берілді.
12.09.
АСТАНА
Биыл 523 түлек су мамандықтары бойынша грантқа түсті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 50%-ға артық.
МАҢЫЗДЫ: Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті ашылып, 129 талапкер бакалавриатқа грантқа түсті. Талапкерлердің басым бөлігі – 241 түлек «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығын таңдады. Ал, «Гидрогеология және геоэкология» мамандығы бойынша 150 талапкер, «Гидрология» мамандығы бойынша 95 түлек оқуға түсті. 26 адам «Гидротехникалық құрылыс», 11 талапкер «Сумен жабдықтау және су бұру» мамандықтарын таңдады.