
АЙТЫЛДЫ:
«Біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер».
ОРЫНДАЛДЫ:
Жыл басынан Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ету кезегі Қазақстан Республикасына өтті. Құрамына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан кіретін қор Арал теңізін құтқаруға және өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған бірлескен мемлекетаралық экологиялық және ғылыми-практикалық бағдарламалар мен жобаларды іске асырумен айналысады.
Мемлекетаралық су шаруашылығы үйлестіру комиссиясының 86-шы отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов суару маусымы кезінде «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы Қазақстанға 922 млн текше метр су беру туралы уағдаласты.
Ал, Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясының 33-ші отырысында Қазақстанға Қырғызстаннан Шу өзені арқылы 180 млн текше метр және Талас өзенімен 380 млн текше метр су беру туралы мәмілеге қол жеткізді.
Жыл басынан бері Су ресурстары және ирригация министрлігі Қытаймен 20-дан астам өзен бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Олардың ішінде үш ірі трансшекаралық өзен: Ертіс, Іле және Емел бар. Бүгінгі таңда тараптар су бөлу мәселесі бойынша келісімнің бірқатар баптары бойынша ортақ келісімге келді.
Қазақстан Өзбекстанмен екі ел тұтынатын судың нақты көлемін есептеуге мүмкіндік беретін қондырғыларды орнату туралы келісті. Бұл ретте Қазақстан Өзбекстан аумағында есептегіштер орнатады, ал өзбек жағы біздің елде қондырғыларын қояды.
Сондай-ақ, министрлік «Орталық Азия елдері арасында су-энергетикалық ынтымақтастық тетігін құру туралы» келісім жобасын әзірлеуде.
Биыл Қазақстан Халықаралық су ағындарын кемеден тыс пайдалану құқығы туралы БҰҰ Конвенциясына қосылды. Конвенция трансшекаралық өзендердің, көлдердің және олармен байланысты жерасты суларының әділ бөлінуін қамтамасыз ететін, сондай-ақ олардың пайдаланылуын реттейтін халықаралық құжат болып табылады.