
АЙТЫЛДЫ:
«Жыл соңына дейін су тасқынына қарсы шараларды басқарудың ұзақмерзімді стратегиясын анықтап, тиісті бағдарламалық құжаттарды қабылдау керек».
ОРЫНДАЛДЫ:
Су ресурстары және ирригация министрлігі әлемдік тәжірибені зерттеу қорытындысы бойынша Су кодексінің жобасына су тасқыны мен құрғақшылықты басқару бөлігінде су тасқынын басқару стратегиясы қарастырылған түзетулер дайындады.
Су кодексінің жаңа редакциясына сәйкес су тасқыны қаупін болжау және бағалау, сондай-ақ олардың алдын алуға бағытталған негізгі іс-шаралар су ресурстарын қорғау мен пайдаланудың бассейндік жоспарларында және су ресурстарын интеграцияланған басқарудың Бас жоспарында айқындалады.
Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының ережелері су тасқынының алдын алу және олардан келтірілген залалды азайту жөніндегі мәселені кешенді шешу тұрғысынан қайта қаралды.
Тұжырымдаманың жаңа редакциясындағы негізгі өзгерістер «ағымдағы жағдайды талдау» және «негізгі тәсілдер» бөлімдеріне қатысты. Орта мерзімді перспективада шешуді талап ететін проблемалық мәселелерді анықтау, сондай-ақ су тасқыны қаупін барынша азайтуды ескере отырып, су саласын дамыту бағыттары айқындалды. Су тасқынын болжауды, қорғаныс құрылыстарын жаңарту мен салу, халықты хабардар ету мен дайындауды, сондай-ақ су тасқынына қарсы күрес және төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі басқарудың бірыңғай жүйесін қамтитын кешенді пайымды қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
Су шаруашылығы инфрақұрылымдарын дамыту және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін жедел шешу мақсатында Министрлік су саласын дамытудың 2024 – 2028 жылдарға арналған Кешенді жоспарын әзірледі. Жоғарыда аталған құжаттар бір-бірімен тығыз байланысты және су саласының проблемаларын жүйелі түрде шешуге мүмкіндік береді.
Осыған сәйкес, тұтастай алғанда, су тасқынын басқарудың ұзақ мерзімді стратегиясы заңнамалық деңгейде Жаңа Су кодексінде айқындалатын болады, ал оны іске асыру үшін қажетті іс-шаралар Тұжырымдамада және Кешенді жоспарда көзделген.