
АЙТЫЛДЫ:
«Суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады».
ОРЫНДАЛДЫ:
Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген Су кодексінің жаңа редакциясында «Мемлекеттік бақылау және қадағалау» атты жеке бөлім қарастырылып отыр. Онда уәкілетті орган мен бассейндік инспекцияларға «судың қара нарығын» жою мақсатында жедел ден қою шараларын қабылдау үшін қадағалау функциялары беріледі.
Елімізде бассейндік инспекция қызметкерлерінің саны 1,5 есе өсті. Егер бұрын олардың саны 98 адам болса, қазір Қазақстанның бассейндік инспекцияларының жалпы штаты 242 адам. Бұл республиканың әрбір облыс орталығында бассейндік инспекция бөлімдерін ашуға мүмкіндік берді.
Судың «қара нарығына» қарсы күресті күшейту үшін Су ресурстары және суару министрлігі жанынан жаңа ведомство – Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті құрылды. Жаңа комитет суды заңсыз пайдаланумен және оны есепке алу деректерінің бұрмалануымен, сондай-ақ еліміздің су айдындарындағы құқыққа қайшы шаруашылық қызметпен күресетін болады.
Сондай-ақ бассейндік инспекциялар мен мемлекеттік су инспекторларының функцияларын кеңейту, мемлекеттік бақылау мен қадағалау нысандарын өзгерту, сондай-ақ жедел ден қоюдың жаңа құралдарын енгізу үшін қолданыстағы Кәсіпкерлік кодекске толықтырулар енгізу ұсынылады.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ішкі аудит департаменті «Қазсушар» филиалдарына жоспардан тыс тексеру жүргізіп жатыр. Мысалы, Жамбыл облысындағы аудит барысында су ресурстарын заңсыз пайдаланудың 10-ға жуық фактісі анықталып, тексеріс материалдары уәкілетті органдарға жіберілді.
Ал Жоғары аудиторлық палата мен Су ресурстары және ирригация министрлігі жүргізген тексерістің қорытындысы бойынша құқық бұзушылыққа жол берген «Қазсушардың» басшылық лауазымдағы 5 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.