
АЙТЫЛДЫ:
«Су тапшылығының артуы – Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ мәселе. Суды үнемдеп пайдалану энергетика немесе көлік саласы сияқты аймақтағы ынтымақтастықтың тағы бір жаңа бағытына айналмақ. Үкіметке көрші елдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтауды тапсырамын».
ОРЫНДАЛДЫ:
2023 жылғы 15 қыркүйекте Душанбеде Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында Орталық Азия елдерінің Президенттері бірлескен мәлімдемеде су-энергетикалық ынтымақтастықтың өзара тиімді тетігін әзірлеу жөніндегі келісілген ұстанымды бекітті. Бұл механизм аймақтағы су, энергетика және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Су ресурстары және ирригация министрлігі Қазақстанның басқа мемлекеттік органдарымен бірлесіп осы тетікті әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын құрды. Топ жұмысы барысында Азия даму банкі, Дүниежүзілік банк, ЕАДБ, БҰҰ ЕЭК, ЕҚЫҰ, GIZ, USAID сияқты түрлі халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының есептері, сондай-ақ өңірдің су сарапшыларының зерттеулері зерделеніп, талданды.
Қазіргі уақытта Қазақ энергетика ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп Қазақ Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты және салалық сарапшылар Орталық Азиядағы су-энергетикалық ынтымақтастықтың кешенді және өзара тиімді тетігін әзірлеп жатыр.