АЙТЫЛДЫ:
«Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек».
ОРЫНДАЛДЫ:
Су ресурстары және ирригация министрлігі 2024-2026 жылдарға арналған су үнемдеудің Жол картасын бекітті. Құжатта су заңнамасын жетілдіру, саланы цифрландыру, есепке алу және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту, сондай-ақ заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі іс-шаралар көзделген.
Биыл министрлік АШМ және ҰЭМ - мен бірлесіп, шаруаларды су үнемдеу технологияларын орнатуға ынталандыру үшін ұңғымаларды бұрғылауға және су үнемдеу жүйелерін орнату шығындарын өтеу үшін төленетін субсидия мөлшерін 50% - дан 80% - ға дейін ұлғайтты.
Облыс әкімдіктеріне су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша нақты тапсырмалар берілді, оларды 2030 жылға дейін суармалы жерлерде енгізу бойынша мастер-жоспарлар әзірленді және бекітілді.
Ағымдағы жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша су үнемдеу технологиялары қолданылатын суармалы жерлердің жалпы ауданы - 382,6 мың га. 2024 жылдың басынан 70,6 мың га егіс алқабына су үнемдеу жүйелері енгізілді.
Министрлік су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы суармалы суды 20-30% үнемдеуге және 2030 жылға қарай еліміздегі суармалы жерлердің жалпы көлемін 1,3 млн гектарға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Түркістан облысында жаңбырлатып суару жабдықтарын шығаратын «BNK Irrigation» зауыты ашылды. Зауыт жылына 1000 жаңбырлатып суару машинасын жасайды және 50 мың гектарға дейін суармалы жерді қамтамасыз ете алады.
Елімізде су үнемдеу технологиялары өндірісін жолға қою мақсатында министрлік 2023 жылғы желтоқсаннан бері республика аумағында су үнемдеу технологияларын енгізу, су қоймаларын тазарту саласындағы ынтымақтастық бойынша шетелдік компаниялармен 17 кездесу өткізді.
2024 жылдың қаңтар айында министрлік Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп Алматы облысында су үнемдеу технологияларын өндірушілердің және заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша ірі шаруа қожалықтарының өкілдерінің қатысуымен кеңес ұйымдастырды. Осының нәтижесінде Алматы облысының әкімдігі мен Қытай Халық Республикасының компаниялары арасында шамамен 60 млн. доллар көлемінде инвестиция тарту туралы меморандум жасалды.