
АЙТЫЛДЫ:
«Суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу».
ОРЫНДАЛДЫ:
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024 – 2030 жылдарға арналған Тұжырымдамасы қабылданды.
Тұжырымдамада еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су тапшылығын азайту, маусымдық су тасқыны мен құрғақшылықтан болатын экономикалық шығындарды азайту үшін жаңадан 42 су қоймасын салу, 30 су қоймасы мен 14 мың шақырымнан астам суару каналын реконструкциялау және жаңғырту, сондай-ақ, су тасқынына қарсы нысандарды қалпына келтіру жөнінде бірқатар шұғыл іс-шаралар қарастырылған.
Тұжырымдамадағы іс-шараларды жүзеге асыру нәтижесінде экономика салаларында пайдалану үшін 2,6 текше шақырым су жинау, су тасқыны қауіпін азайту, сондай-ақ магистральдық және шаруашылық каналдар арқылы тасымалдау кезінде су шығынын 50%-дан 25%-ға дейін азайту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен су шаруашылығы инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту арқылы болжамды су тапшылығы жағдайында маңызды ресурсты тиімді басқаруды қамтамасыз ету үшін су шаруашылығы саласындағы мәселелерді жедел шешуге бағытталған Қазақстан Республикасының су шаруашылығын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған Кешенді жоспары бекітілді.
Бүгінгі таңда республика аумағында 89 текше шақырым су жинай алатын 405 су қоймасы жұмыс істейді.