
АЙТЫЛДЫ:
«Каспий теңізін зерттеумен айналысатын мемлекеттік ғылыми институт құрған жөн деп есептеймін. Сондай-ақ, Үкімет Каспий жағалауында орналасқан өзге мемлекеттердегі әріптестерімен тығыз жұмыс істеуі керек».
ОРЫНДАЛДЫ:
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Каспий теңізінің Қазақ ғылыми-зерттеу институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылды.
Институтты орналастыру және оның жарғылық капиталын қалыптастыру үшін министрлік Ақтау қаласында орналасқан әкімшілік ғимаратты және оның мүлігін Маңғыстау облысы әкімдігінің коммуналдық меншігінен республикалық меншікке қабылдады.
Институт қызметі шеңберінде Каспий теңізінің экологиялық, су деңгейінің төмендеу проблемасын, ихтиофаунаны, итбалықтардың жаппай қырылу себебін және олардың популяциясын сақтау мәселелерін зерттейтін болады. Бұдан бөлек, Каспий жағалауындағы шекаралас мемлекеттердегі әріптестерімен өзара тығыз іс-қимылды қамтамасыз етеді.
Институт Каспий теңізі экожүйесінің барлық бағыттары бойынша объективті және тәуелсіз ақпарат береді. Бұл деректер мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың кешенді іс-шаралар қабылдауына негіз болады. Ғылыми ұйым құру Каспий теңізін сақтау жөніндегі халықаралық және ұлттық міндеттемелерді толық көлемде орындауға да мүмкіндік береді.