АПТАЛЫҚ ШОЛУ

АПТАЛЫҚ ШОЛУ

14.08.
Астана
Нұржан Нұржігітов АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниел Розенблюммен және Орталық Азиядағы USAID Экономикалық даму өңірлік кеңсесінің директоры Лаура Чизмомен кездесті. Тараптар су саласының түрлі бағыттары бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.

16.08.
Павлодар облысы
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Павлодар облысына жұмыс сапарымен барды.

Ведомство басшысы Май ауданында Қаратерек және Майтүбек ауылдарындағы суару желілерін реконструкциялау барысымен танысты.

Жергілікті шаруа қожалықтары министрге өңірде су үнемдеу технологиялары қалай енгізіліп жатқанын көрсетті.

Нұржан Нұржігітов Көлбай лиманды суару алабындағы суару жүйелерін реконструкциялау жоспарымен танысты. Бірінші кезеңде Баянауыл және Май аудандарында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

Министр Май топтық су құбырының тазарту станциясына барып, тазартылған судың сапасын тексерді.

Ақтоғай ауданының Әуелбек ауылында министр 1063 га суармалы учаскеге арналған инженерлік желілер құрылысының барысымен танысты.

Нұржан Нұржігітов ұзындығы 12,5 шақырым болатын «Ертіс-Успен» каналын реконструкциялау барысын бақылады. Министр шаруаларды уақытылы суармалы сумен қамтамасыз ету үшін барлық жұмыстарды 2025 жылдың суару кезеңі басталғанға дейін аяқтауды тапсырды.

Су шаруашылығы нысандарын аралағаннан кейін министр жергілікті «Қазсушар» филиалына барып, мекеме қызметкерлерімен жұмыс жағдайы туралы сөйлесті.

12.08.
Астана
Елімізде суару маусымы басталғалы шаруаларға 6 млрд текше метрден астам су берілді.
МАҢЫЗДЫ: Осыған дейін Нұржан Нұржігітов Өзбекстан тарапымен жарты жылда елімізге Сырдария өзені арқылы 3,7 млрд текше метр су жіберу туралы келісімге келген болатын. Ал, Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясының 33-ші отырысында Қазақстанға Қырғызстаннан Шу өзені арқылы 180 млн текше метр және Талас өзенімен 380 млн текше метр су беру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

15.08.
Қостанай облысы
2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында Қостанай облысы бойынша «Қазсушар» филиалы Жоғары Тобыл және Қаратомар су қоймаларынан су жіберу көлемін ұлғайтты. Бұл тасқын суын қабылдауға бос орын дайындау үшін жасалады.
МАҢЫЗДЫ: Бүгінде Жоғары Тобыл су қоймасынан секундына 20 текше метр, Қаратомар су қоймасынан секундына 30 текше метр су ағызылады. Айта кету керек, Қостанай облысының ірі су қоймалары 83%-ға толы және оларда 1,15 млрд текше метр су бар.

13.08.
Батыс Қазақстан облысы
Батыс Қазақстан облысында 28 млн текше метр су жинайтын Жалпақтал су қоймасы салынады. Бұл 12 мыңнан астам адамды сумен қамтамасыз етуге және лиманды суару алаңын 12 мың гектарға ұлғайтуға мүмкіндік береді.

12.08.
Жамбыл облысы
Жамбыл облысы бойынша «Қазсушар» филиалы «Кәрітоған», «Сарыөзек» және Р-1 каналдарындағы су бекеттерін жөндеді.