
Қазақстанда Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институты құрылды. Алғашқы жартыжылдықта Үкімет Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген институт құру туралы қаулыны бекітті. Ғылыми-зерттеу институты Каспий теңізінің экологиялық, су деңгейінің төмендеу проблемасын, итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылу себептерін, Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау мәселелерін, ихтиофаунаны, Каспий су айдыны мен жағалауын зерттейтін болады. Ақтау қаласында институтқа ғимарат бөлінді, жарақтандыру және қаржыландыру жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан бөлек, елімізде Ұлттық гидрогеологиялық қызмет құрылды. Ұлттық гидрогеологиялық қызмет жерасты суларын басқару, іздестіру-барлау жұмыстары және мемлекеттік мониторинг саласында мемлекеттік саясатты жүргізу үшін ұйымдастырушылық және басқа да қажетті өкілеттіктерге ие болады. Жерасты суларын ұтымды пайдалану мәселесі ерекше бақылауда болады.
Айта кету керек, Қазақстанда 4540 жерасты суларының орны барланды. Болжам бойынша, бүгінгі таңда еліміздегі пайдалануға болатын жерасты суының қоры 15,7 текше шақырым. Су ресурстары және ирригация министрлігі егіс алқаптарын суару үшін жерасты суларын пайдалану үлесін арттыруға ниетті. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласына тәулігіне 40 мың тоннадан астам су немесе ел аумағында жинақталатын жалпы су қорының 60%-ы жұмсалады. Оның ішінде жерасты суларының үлесі 1,2% немесе тәулігіне 548 тонна.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясымен бірлесіп су ресурстарының бірыңғай ақпараттық жүйесін әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Онда еліміздегі су шаруашылығы нысандарының жай-күйі туралы барлық ақпарат жинақталады. Сондай-ақ, жүйе су ресурстарының тұтынушыға дейін бөлінуін және пайдаланылуын бақылауға мүмкіндік береді.
Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі бірлесіп, су ресурстары саласындағы жетекші ғылыми және білім беру ұйымдарының консорциумын құрды. Консорциум жұмысының басым бағыттарының бірі - тұщы су қорын іздеу және оның көлемін арттыру болып табылады.