
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов азаматтарды қабылдап, тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берді.
Алматы облысының тұрғындары жеке компаниялар өңірдегі өзендерді ластап, су көздерін бітеп тастайды ма деп алаңдаулы. Азаматтардың шағымына жауап ретінде Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы кәсіпорынға жоспардан тыс тексеріс жүргізді.
Тексеріс қорытындысы бойынша ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463–і бабы - тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз немесе хабарламасыз кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ операцияларды жүзеге асыру бойынша хаттама толтырды. Іс құжаттары сотқа жіберілді.
Бұдан бөлек, Алматы облысы әкімдігіне Тереңқара өзенінің бойында су қорғау аймағын белгілеу бойынша ұсыныс жолданды.
Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғындары жергілікті елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету жөнінде өтініш білдірді. Министр мәселені шешу үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
«Судың сапасын жақсарту үшін тазарту құрылыстарын салу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда жобалау-сметалық құжаттама дайын. Ал ауыз су көлемін ұлғайту үшін ауданда жаңа су топтық құбыры салынып жатыр», - деді Нұржан Нұржігітов.
Сондай-ақ, қоғамдық қабылдауда ағынды суларды тазарту және жер бөгеттерін зерттеу бойынша ұсыныстар айтылды.