
Елімізде жыл сайын 9 шілдеде су шаруашылығы қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Биыл кәсіби мереке ерекше маңызға ие. 2023 жылдың 1-ші қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Су ресурстары мен ирригация министрлігі құрылды.
Бүгінде министрлік Қазақстанның су-ресурстық әлеуетін сақтау және арттыру бойынша жүйелі жұмысты бастап кетті. Ең алдымен ауқымды жаңашылдықтарды қамтитын және еліміздің су заңнамасын өзектендіруге мүмкіндік беретін жаңа Су кодексінің жобасын әзірлеп, Мәжіліске енгізді.
Жаңадан 20 су қоймасын салу, 15 су қоймасын және 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналды реконструкциялау қарастырылған Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Еліміздің барлық өңірлерімен бірлесіп, 2030 жылға дейін су шаруашылығы құрылыстарын қалпына келтірудің кешенді жоспары және 2024-2026 жылдарға арналған су үнемдеудің жол картасы жасалды.
Биылдың өзінде министрлік су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 28 жобаны іске асыра бастады. Бұл жұмыстардың нәтижесінде, 1,1 млн тұрғыны бар 426 елді мекенде ауыз сумен қамтамасыз ету сапасы жақсарады.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасы бойынша ведомство судың «қара нарығы» мен су саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қарсы кешенді күрес жүргізіп жатыр. Министрліктің Ішкі аудит департаменті «Қазсушар» филиалдарына жоспардан тыс тексеріс жүргізуде. Мәселен, Жамбыл облысындағы аудит барысында су ресурстарын заңсыз пайдаланудың 10-ға жуық фактісі анықталып, тексеріс материалдары уәкілетті органдарға жіберілді.
Бұдан бөлек, Жаңа Су кодексінде уәкілетті ведомство мен бассейндік инспекцияларға қадағалау функциялары беріледі. Сондай-ақ, бассейндік инспекциялар мен мемлекеттік су инспекторларының функцияларын кеңейту, мемлекеттік бақылау мен қадағалау нысандарын өзгерту, жедел ден қою шараларын қабылдаудың жаңа құралдарын енгізу үшін қолданыстағы Кәсіпкерлік кодекске толықтырулар енгізіледі. Айта кету керек, еліміздің су ресурстарын қорғайтын бассейндік инспекция қызметкерлерінің саны 1,5 есе көбейіп, жалпы штат саны 242 адамға жетті. Бұл республиканың әрбір облыс орталығында бассейндік инспекция бөлімдерін ашуға мүмкіндік берді.
Суды заңсыз пайдалану және су тұтынуды есепке алу деректерін бұрмалау фактілерін жою, сондай-ақ су қоры аймақтары мен нысандарында заңсыз шаруашылық қызмет мәселелерін реттеу үшін министрлікте жаңа Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі комитет құрылды.
Бүгінгі таңда еліміздің су саласында 10 мыңға жуық адам еңбек етеді. Сала мамандарын қолдау және ынталандыру министрлік жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылады. 2024 жылдың 1-ші қаңтарынан айлықтары тариф есебінен төленетін «Қазсушар» мамандарының еңбекақылары орта есеппен 23%-ға көтерілді. Ал, 1 мамырдан еңбекақысы республикалық бюджеттен төленетін «Қазсушар» мекемесі қызметкерлерінің айлығы орта есеппен 25%-ға өсті.
Су шаруашылығы мамандықтарының тартымдылығын арттыру мақсатында «Болашақ» бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, оған «Гидрогеология», «Су ресурстары» және «Су қауіпсіздігі» секілді су саласының мамандықтары қосылды. Нәтижесінде, биылдан бастап қазақстандықтар аталған мамандықтар бойынша шетелде білім ала алады.
Білікті маман - су шаруашылығы саласының басты байлығы. Оған биылғы ауқымды су тасқыны кезенде кезекті рет көзіміз жетті.
Бірнеше ай бойы еліміздің су шаруашылығы нысандары тасқын суын қауіпсіз өткізуді қамтамасыз етіп қана қоймай, су қоймаларын толтыруға және соңғы жылдары құрғауға айналған сағаларға, лимандарға, табиғи шабындықтарға, көлдер мен басқа да су айындарына су жіберуге мүмкіндік берді.
Еліміздің су қоймаларына 75 миллиард текше метр су жиналды. Жиналған тасқын суы негізінен ауылшаруашылығы мен өнеркәсіпте пайдаланылады. Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері Балқаш көліне 3,3 млрд текше метр, Каспий теңізіне шамамен 6 млрд текше метр су жіберілді.
Қамыс-Самар көлдеріне 80 млн текше метр су барды, Ұлытау облысынан Қызылорда облысының ауылшаруашылық алқаптарына су жіберілді.
Елімізде суару маусымы басталғалы 20 мыңнан астам шаруаға 2,8 млрд текше метр су берілді. Суару маусымына дайындық аясында 102 гидробекет жөнделіп, қалпына келтірілді. Сонымен қатар 775 гидробекет аттестациядан өтті. 6 облыстың ауыл шаруашылығы алқаптарына су беруді жақсарту үшін 652 шақырымнан астам суару арнасы тазартылды. Сондай-ақ, Қазақстанның 8 өңірінде 74 гидротехникалық құрылыс жөнделді.
Жыл басынан Халықаралық Аралды құтқаруқорына төрағалық ету кезегі Қазақстан Республикасына өтті. Су ресурстары және ирригация министрлігі биыл Дүниежүзілік банкпен бірге жүзеге асырылып жатқан Солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңін бастауды жоспарлап отыр.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 86-шы отырысында «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы суару маусымында Қазақстанға 922 млн текше метр су жіберу туралы келісімге қол жеткізді. Ал, Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясының 33-ші отырысында Қырғызстаннан елімізге Шу өзені арқылы 180 және Талас өзенімен 380 млн текше метр су жіберу жөнінде мәмілеге келді.
Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін әр өңірге су үнемдеу жүйелері орнатылған егіс алқаптарын ұлғайту бойынша нақты индикаторлар белгілеп, 2030 жылдың соңына дейін кезеңдік жоспар әзірледі. Осылайша, министрлік суармалы жерлердің жалпы көлемінің 50%-дан астамын су үнемдеу технологияларымен қамту арқылы жылына 2,1 текше шақырымға дейін су үнемдеуді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, елімізде су үнемдеу жүйелерін орнату шығындарын субсидиялау мөлшері 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды.
Елімізде Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институты мен Ұлттық гидрогеологиялық қызмет құрылды.
Осы және өзге маңызды іс-шаралар еліміздің су ресурстарын сақтауға және ұлғайтуға, су шаруаршылығы нысандарын жаңадан салу және қайта жаңғыртуға, салаға білікті мамандарды тартуға және суды тиімді пайдалану және оны үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.