
17.06.
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ
Жамбыл облысы бойынша «Қазсушар» филиалында жүргізілген аудит барысында су ресурстарын заңсыз пайдаланудың 10-ға жуық фактісі, шаруаларға берілетін су көлемін жасанды түрде азайтып көрсету және тағы да басқа құқық бұзушылықтар анықталды.
МЫСАЛЫ: Шу ауданында бұрынғы құм карьерін толтыру үшін Тасөткел магистральдық каналынан суды заңсыз пайдаланғандар белгілі болды. Суару маусымында карьерге заңсыз жиналған судың көлемі кемінде 15 млн текше метр, бұл шамамен 13 млн теңге.
МАҢЫЗДЫ: Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасы бойынша ведомство су ресурстарын басқарудағы құқық бұзушылықтарға, судың «қара нарығы» мен су саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қарсы күресті бастады. Суды заңсыз пайдаланудың анықталған барлық фактілері бойынша материалдар уәкілетті органдарға жіберіліп, құқық бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғалар жауапқа тартылады.
18.06.
АСТАНА
Қазақстан биыл суару маусымында Қырғызстаннан 560 млн текше метрден астам су алады. Атап айтқанда, елімізге Шу өзені арқылы 180 млн текше метр және Талас өзенімен 380 млн текше метр су келеді.
МАҢЫЗДЫ: Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов құрамына қос мемлекеттің өкілдері кіретін Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясының 33-ші отырысында тиісті келісімге қол жеткізді.
Сондай-ақ, тараптар Шу және Талас өзендеріндегі су шаруашылығы нысандарын жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының түрі мен көлемі туралы да мәмілеге келді.
20.06.
АСТАНА
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе су қоймасының толып кетуінің алдын алуға қатысқан ардагер краншы Шыңғыстау Әбдиевті марапаттады.
ЕСКЕ САЛСАҚ: Шыңғыстау Әбдиев пен басқа да мамандар (электрмонтаждаушылар, инженерлер, слесарлар және реттеушілер) наурыз айының соңында екінші шлюзді ашып, Ақтөбе су қоймасының толып кетуіне жол бермеді. Сол уақытта 36 жылдық тәжірибесі бар білікті маман зейнеткерлікте болатын.
17.06.
АСТАНА
Елімізде суару маусымы басталғалы 12 мыңға жуық шаруаға 2 млрд текше метр су берілді. Бүгінгі таңда вегетация кезеңі штаттық кестеге сай өтуде.
ЖОСПАР: «Қазсушар» мекемесі биыл 790 мың гектардан астам ауылшаруашылық алқабын суаруға 7,6 млрд текше метр су жіберуді жоспарлап отыр. Кәсіпорын филиалдары биыл дихандармен су беру бойынша 18 758 келісімшарт жасады.
18.06.
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ
Түркістан облысы бойынша «Қазсушар» филиалы жергілікті дихандарды 950 млн текше метрге жуық суармалы сумен қамтамасыз етті. Егіс алқаптарына тіршілік нәрі К-24, К-25 каналдары арқылы жеткізіліп отыр.
НӘТИЖЕСІНДЕ: Суармалы судың уақытылы әрі тұрақты жеткізілуіне байланысты өңірдегі шаруалар өнім жинап жатыр. Мәселен, Жетісай ауданының дихандары алғашқылардың бірі болып қарбыздарын экспортқа шығара бастады.
18.06.
ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ
Жетісу облысы бойынша «Қазсушар» филиалы Қаратал ауданының шаруаларына 18,5 млн текше метр су берді. Суарылған ауылшаруашылық алқабының нақты көлемі - 1802 га.
ЖОСПАР: Өңірлік филиал жергілікті шаруалармен су беру жөнінде 395 келісімшарт жасады. Қаратал ауданы бойынша биылғы суару маусымына су пайдаланудың алдын ала жоспары 90,0 млн текше метр.
19.06.
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ
Қызылорда облысы бойынша «Қазсушар» филиалы облыстың шаруаларына 1,25 млрд текше метр су берді. Бүгінгі таңда филиал Қызылорда облысының 866 шаруасымен 123,7 мың га егіс алқабын суару үшін 2,86 млрд текше метр су беру жөнінде келісімшартқа отырды.
ҚОСЫМША: Бүгін таңда күріштің жалпы егіс алқабының 97% сумен қамтамасыз етілді. Өңірде жалпы ұзындығы 73,4 шақырым болатын 22 арна механикалық әдіспен тазаланып, 19 гидротехникалық құрылыс пен 15 гидробекетке жөндеу-реконструкциялау жұмыстары жүргізілді.
19.06.
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ
Ақмола облысы бойынша «Қазсушар» филиалының бас инженері Олжас Тұржанов және Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Есіл бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Айбек Серәлі Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында журналистердің сұрақтарына жауап берді.
МАҢЫЗДЫ: Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасы бойынша өңірлік «Қазсушар» филиалдарының басшылары суару маусымының барысы бойынша брифингтер өткізуде.